«Тұтастай бір көше саудаға түсті»: Алматы облысының тұрғындары өз үйіне біреудің ауласы арқылы кіріп жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Ал 4 гектар жердің иесі тұрғындармен өзара сөйлесуге дайынмын деп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тұтастай бір көше саудаға түсті». Арнамызға хабарласқан Іргелі ауылының тұрғындары картада көше деп көрсетілген жерді қожайыны қоршап алды дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылысы қоршаудың арғы жағында қалған Тойғанбек Жәнібек баспанасын тұрғызу үшін көршісінің қорасынан өтіп жүр. Сондықтан тас-құмын алыстан арбамен тасып бөтеннің босағасы арқылы өтеді.

«Қолмен арбамен тасып құйып жатырмыз. Негізі жолымыз болуы керек еді. Көрдіңіздер, келдік мынау көршінің жолы да емес қой. Көршінің қазіргі терреториясы, өзінің үй салып жатқан есігінің алды», – деді Іргелі ауылының тұрғыны Тойғанбек Жәнібек.

Қоршауда қалған бірнеше отбасы о баста жер алғанда бұл жердің көше болатынына көзіміз жеткен еді деп таңқалып отыр. Кейін маңайының бәріне үй салынып біткен соң екі ортада қалғандарын ұққан.

«Иә, сатылып кеткен. Қазір иесі  жолды сатып алыңдар дейді. Бірақ бағасын айтпады. Біз мамыр айында алдық, қыста біз білдік. Алған кезде картадан жол көрсеткен, тексеріп алдық», – деді Іргелі ауылының тұрғыны Әмірбек Орманбеков.

Қамалып қалдық деген халық мұндайға жол берген әкімдікті кінәлайды. Олардың айтуынша, әр жер телімінің орналасуын жергілікті билік бөлуі керек еді дейді. Алайда Іргелі ауылының әкімі іргелес жатқан жер телімі жекенің меншігінде болған соң заң бойынша көше жасауға қақысы жоқ екен.  

«Бөлген кезде қателіктер кетті деп ойлаймын. Дұрыс бөлінбеген. Бұл жауапты мекеме бар», – деді Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов.

Үй тұрғызсаң қызыл сызығына дейін тексеретін әкімдік жер бөлінгенде шетқалдық дегенін жұрт түсінбей дал. Ал, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы әу баста көшенің болмағанын айтады.  

«Бұл кісілердің алғашында сатып алған жердің иесі, жол берді ғой. Енді жоқ болып отыр ғой. Ол кісі ешқандай жоспар жасамаған. Мемлекет мәжбүрлі түрде алу үшін шешім шығарылады, сосын бюджет бөледі», – деді Қарасай ауданы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Сырым Жарқынбаев.

Ал 4 гектар жердің иесі тұрғындармен өзара сөйлесуге дайынмын деп отыр. Алайда жолға деп бөлетін жердің құнын бізге де атамады. Тек тұрғындарды өздері сатып алған жердің иесі алдап отыр деп қысқа қайырды.

«Енді бұрыңғы иесі алаяқтық жасаған ғой. Мына жерден көше түседі деп алдаған. Біреудің жерінен көше түседі деп сатқан ғой», – деді жер телімінің иесі Серік Жүнісов.

Мәселені шешудің жолдары бар. Бірақ, оған тағы қанша уақыт кететіні белгісіз. Ал көршінің жерінен көше дәметкен елдің ендігі амалы келісу ғана болмақ.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров