Ақтау орталығында 4 қабатты үйдің тұрғындары 26 жылдан бері орталықтандырылған жылуға қосыла алмай отыр. Алғашында жатақхана болып салынған нысан кейін жекешелендірілген екен. Сол кезден бері не жылуға, не газға жарымай отырған жұрт шағымын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қыстың қара суығында бұл үйдегі 35 отбасы электр пешін қолдануға мәжбүр. Тұрғындар «әр бөлмені жылытып отырған соң, ақшасы да қалтаны қағады» дейді. Орталық жылу жүйесіне қосылмаған төрт қабатты үйдің тұрғындары ас пісіру үшін газ баллонын пайдаланады.
– Газ баллонын жағып, тамақ пісіріп отырмыз. 1998 жылдан бері жылу жоқ. Мәселені ешкім шешпейді, – деді қала тұрғыны Жанәлі Есжан.
Тоқ пешін қосып отырған әр пәтердің ай сайын электр қуатына кететін шығыны 100 мың теңгеден асады. Ол аздай, жарық үнемі өшіп қала беретін көрінеді. Көпшілік «қабырғасы сыз тартып, көгеріп кеткен ескі үйге күрделі жөндеу жасау керек» дейді.
– Қалай жекешелендірді, су да, жылу да жоқ. Үш жылдан бері құжат жинап келеміз. Қыста газ баллонын қолдану қауіпті, – деді қала тұрғыны Насиха Жұмашева.
Бұл үй 1987 жылы өңірдегі зауыт қызметкерлері үшін тұрғызылған. Алғашында жатақхана болған нысан кейін тұрғындардың атына заңдастырылған. Әкімдіктің меншігіне жатпайтын үйге жылу жүргізудің өзі үлкен мәселе болып тұр.
– Жылу құбыры үйдің жертөлесіне келіп тұр. Пәтерлерге жылу жүйесі мемлекеттік бағдарламаның «қайтарымды қаражат» есебінен жүргізіледі. Үй техникалық сараптамадан өтті. Үйге күрделі жөндеу қажет. Жобалық-сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін қаражат бөлу рұқсаты беріледі, – деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев.
Әкімдіктегілердің айтуынша, мәселені шешуге болады. Газ құбырын жүргізу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеп жатқан көрінеді. Алайда бұл бір күнде бітетін іс емес. Келер жылдың бюджетіне енсе, шешілуі мүмкін.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Қызылша: СҚО-да 200 жағдай тіркелді