Су тасқыны: зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау аяқталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Баспанаcы бүлінген тұрғындарға өтемақы толығымен берілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде су тасқанынан зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Баспанаcы бүлінген тұрғындарға да өтемақы толығымен берілген. Бүгін Үкіметтің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. Мәселен, жалпы апат болған өңірлерде 8853 отбасыға 49 миллиард теңгеден аса қаржы төленіпті. Тасқыннан залал көрген 5239 шаңыраққа арнайы салынған әрі сатып алынған үй берілген.

Бүгін Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, тасқыннан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Мәселен, кілті беріліп қойғандардан бөлек, тағы 2568 үй өз иелеріне табысталуға жақын. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 285, Қостанай облысында - 57, ал батыста 80 баспана азаматтарға берілген. Ақтөбеде де 43, Павлодар өңірінде 5 отбасы қоныстой тойлады. Ал өр суы кезінде ауыр зардап көрген Атырау облысында 3000-ға жуық тұрғын өтемақы алыпты. Мұндағы баспанасы жарамсыз деп танылған отбасыларға пәтер кілті қыркүйекте табысталмақ.

«Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 100 үй салынуда. Құрылыс басында 400-ден аса адам жүр. Облыс әкімі бәрін бақылауға алған. Шағын және орта бизнес өкілдерінен келіп түскен барлық шағым қанағаттанарлық деңгейде, әрі жан-жақтан қолдау көрсетілді. Әзірге төтенше жағдай алынбайды, себебі жұмыс толығымен аяқталған жоқ», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.

Көктемгі тасқында шаруалардың да батқан шығыны аз болмады. Төрт түлігі суға кетіп, шаруашылығы тұралап қалғандардың жалпы 274 млн теңгеге ұтылғаны белгілі. Әсіресе, жағдай Қызылқоға, Жылыой ауданында қиын. Сол түйткілді тарқату үшін құрылған арнайы комиссия қазірдің өзі 208 өтініш қабылдап үлгеріпті.

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты су тасқыны салдарынан Қызылқоға және Жылыой ауданы бойынша барлығы 1805 бас жануары, оның ішінде 1273 бас мал және 532 бас үй құсы шығын болды. Арнайы комиссия шешімімен 208 өтініш бойынша мал шығынына 274,4 млн теңге өтемақы төленді», - деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының баспасөз хатшысы Ақтілек Нұроллаева.

Жалпы, ел бойынша 34 216 отбасыға 12,6 млрд теңге көлемінде біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарды сатып алу үшін ауыр жағдайда қалған ағайынға 150 айлық есептік көрсеткішке дейін қосымша қаржылай көмек болған екен. Ал өңірлік комиссиялар 455 өтінімді мақұлдап, кәсіпкерлерге 8 миллиард теңгеге жуық қол ұшын созған.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, "Алматы" телеарнасы, Атырау облысы

Новости партнеров