Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаужүрек аталарымыз Брест қамалын, Мәскеуді, Ленинградты қорғауға барын салып, Сталинград, Курск шайқастарында, жау басып алған аумақтарды азат етуде жанқиярлықпен соғысқанын атап өтті.
«Батырларымызға мәңгілік тағзым ету, ардагерлерге қамқорлық көрсету, халықтың ынтымағы мен тұтастығын сақтау – біздің қастерлі борышымыз. Ел бірлігі – біздің жетістіктеріміздің басты кепілі», - деді Елбасы.
Елбасы сондай-ақ, 9 Мамырдың әрдайым бәріміздің мерейімізді үстем ететін күн екеніне тоқталды.
«Бұл күні біз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларды ерекше құрметпен еске аламыз. Майдан даласындағы жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке тағзым етеміз.
Бұл – нағыз батылдықтың, әскери даңқ пен патриотизмнің мерекесі.
Баршаңызға белгілі, жеңіс бізге оңайға түскен жоқ. Келер ұрпақтың бақытты әрі берекелі ғұмыры үшін миллиондаған адам фашизмді жеңу жолында жанын пида етті.
Ортақ іске Қазақстанның қосқан үлесі зор. Еліміздің әрбір бесінші тұрғыны майданға аттанды. Олардың көбі соғыс даласынан оралған жоқ. Қазақстандықтар ерен ерлік пен бекем бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Барлық қазақстандықты, соғыс және еңбек ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, игілік пен бақ-береке тілеймін!», - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.