«Аманат» қоғамдық комиссиясы алаяқтарға алданып қалмауды ескертеді
Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде негізсіз қудалауға ұшыраған 36 адам тергеу изоляторынан босап шықты. Бұл туралы бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг өткізген «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заңгерлердің сөзінше, қазір Түрксіб ауданындағы 155/18 сотқа дейінгі тергеу изоляторында Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікке ілінген 200-ден астам адам бар екен. Қоғамдық комиссия тобы олардың 60-ының кінәсі жоқ екенін айтып, қалалық прокуратураға босату туралы арыз берген. Қазір бұл арыз-шағымдар қаралып жатыр. Бүгінде бейбіт шеру кезінде ұсталғандарға Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша іс қозғалған. Заң саласының мамандары олардың алдағы уақытта толық ақталып шығуына мүмкіндік бар екенін айтады.
«272-бап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі - ұйымдастырушыларға, екіншісі - қатысушыларға, үшіншісі - арандатушыларға қатысты көзделген жауапкершілік. Біз негізгі акцентті осы 272-баптың 2-бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға қатысты қойып отырмыз. Өйткені, негізгі санды да осы бөлімдер беріп отыр. Яғни, белгісіз ұйымдастырушылар мен бізге белгісіз арандатушылардың сөзіне еріп, абайсызда арандап қалған азаматтар құрайды», - деді «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан.
Президент әкімшілігінің қолдауымен жұмысын бастаған «Аманат» қоғамдық комиссиясы енді осы жұмысын еліміздің басқа да өңірлерінде жалғастырмақ ниетте. Комиссия мүшелерінің сөзінше, еліміз бойынша жазықсыз ұсталғандардың саны 800-адамнан асады екен. Олардың көпшілігі — жаралылар. Сол себепті олардың ем-домды тергеу изоляторында емес, үйінде қабылдауына жағдай жасамақ. Заңгерлер босатылғандардың қоғамға ешқандай зияны жоқ екенін айтады. Одан бөлек, Алматыда «Аманат» қоғамдық комиссиясының атын жамылып, жазықсыз отырғандарды шығаруға ақша сұрап, өздерін жарнамалап жүргендер де бар екен.
«Аманат» комиссиясының жұмысы тегін, ақысыз. Біз ешқандай ақша, құнды заттар алмаймыз. Бізге марапаттау, сыйақы керек емес. Біз комиссия мүшесіміз деп келіп, досыңызды, туысыңызды, танысыңызды шығарып береміз деп келгендерге алданып қалмауларыңызды сұраймыз», - деді «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі Мәди Мырзағараев.