Алматы облысында кәсіпкер 8 жыл бойы көпбалалы ананың жәрдемақысын «жеп» келген

Almaty.tv
Almaty.tv
Ал «барлығы маған жала жапты» деген ауыл тұрғыны мұны тұрғындар әдейі ұйымдастырды деп ақталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

8 жыл бойы көпбалалы ананың жәрдемақысын алдап алып келген. Осылай деген Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылының тұрғындары ауылдасымыз жұрттың жәрдемақысын «жеп» келіпті деп шағымданды. Олардың айтуынша, ауыл әкімінің де бұл іске қатысы болуы мүмкін. Ал «барлығы маған жала жапты» деген ауыл тұрғыны мұны тұрғындар әдейі ұйымдастырды деп ақталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

             

Ауыл азаматтары шағымданып жатқан кәсіпкер осы уақытқа дейін сегіз баланың анасының жәрдемақысын алып келген дейді. Олардың айтуынша, 8 жыл бойы жеке құжатыңды рәсімдеп беремін деген мақсатпен сол қитұрқы әрекетін іске асырды деп отыр.

«Мен оған сенімхат бергенмін, ол маған «көмектесемін» деп айтқан еді. Жәрдемақыны Ащыбұлақтан және Қазақстаннан алған, мен оны білмедім. Сегіз жыл бойы, тіпті он жыл бойы алып келген. Бірақ біз екі жылын дәлелдей алмадық. Ақшаны карта арқылы алған», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Светлана Берденникова.

Зардап шеккен Светлананың өзі қазір соттың шешімімен кәсіпкер менен алып келген ақшаның жартысын қайтарып берді деп отыр. «Сондықтан бұл істі ары қарай ушықтырмаймын, тек басқа да ауылдастарым бұл кәсіпкерге алданып қалмаса екен» дейді.

Қазақстан ауылының тұрғындары жергілікті кәсіпкерден талай қорлық көрдік деп ашулы. Олардың айтуынша, жер алып беремін деп талай жұртты жер сипатып кетті дейді. Ол аздай, мектептегі мұғалімдерге тиісіп, оқушыларға да тыныштық бермейді деп отыр.

«Зәмзәгүлдің бұл бірінші тірлігі емес. Бұл – Зәмзәгүлдің кәсібі. Ол сөйтіп халықтың жәрдемақысын жасайтын кезде үйді-үйге кіріп тұрып, «жәрдемақыны олай жасаймын, бұлай жасаймын» деп елдің құжатын берсін-бермесін, қолынан тартып алғандай алып кететін. Жәрдемақының құжатын жасағаннан кейін біраз уақыт ақшасын бермей жүреді», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны Гүлбақыт Жанбатырова.

«Асханаға келгелі мектепте тыныштық жоқ. Дәлізде айғайлап, оқу процесіне араласады. Ол кісі мектептің саяси оқу процесіне араласатын болса, директор неге керек?!», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы Ж. Қайыпов атындағы орта мектеп ұстазы Әлия Сламжанқызы.

Аталған мәселені сұрамақ болып, Жүнісбай Қайыпов атындағы орта мектепке барған едік. Бірақ директорды жұмыс уақытында орнынан таба алмадық. Оның үстіне орынбасарлары да жарытып жауап бермеді.

Ауыл азаматтары кәсіпкерді қадағаламады деп айыптаған округ әкімінен де жауап алып көрдік. Өйткені Арал Темірханов есімді тұрғын кәсіпкер Зәмзәгүл мемлекет иелігіндегі жерге заңсыз құрылыс жүргізбекші деп отыр.

«Мен мына жерге супермаркет саламын дейді. Сен қалай саласың, арғы жағы мешіт, бергі жағы супермаркет, оның үстіне бұл мемлекеттің балансындағы жер деп сұрадық», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылының тағы бір тұрғыны Арал Темірханов.

«Алмастан бұрын, сол жерге өтініш берместен бұрын, сол халықпен өзі кездескен. Кездесіп, халықтың баласына қажетті ойын алаңқайын саламын деген болатын», - деді Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылдық округінің әкімі Марат Сүгірбеков.

Ал жаланың астында қалдым деген Зәмзәгүл Мамырбаева «ешкімнің арын таптап, ақшасын алған жоқпын» деп отыр. Керісінше, кәсіп жасап, көпбалалы отбасыларға көмек бергенін айтады.

«Қандай елді, кімнің алдында қорлаппын? Қай кезде, қай мұғалімді қорлаппын? Факт жоқ. Үйіңді өртеп кетемін деп тұрған кезде, неге «102-ге» хабарласып мені қаматпады? Қандай полиция менен қорқып жүр екен? Аты бар ма?! Қазақстан азаматы ретінде маған жала жапқандарды сотқа беріп, жауапқа тартамын», - деді Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны, кәсіпкер Зәмзәгүл Мамырбаева.

Ал жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас деп тәпсірлеген жұрт ауыл кәсіпкерінің былығы көп деп қысқа қайырды. Ал судан ақ, сүттен тазамын деген кәсіпкер, мен көмектескен көпбалалы аналар жоғарыдағы сөзімді дәлелдеп бере алады деп отыр. Ал ауыл әкімі аталған фактілер заң жүзінде дәлелденсе, кінәлі тарап тиісті жазасын алады дейді.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров