Қауіпсіздік ережесін сақтаңыз: Жылыту маусымы басталғалы бес адам көз жұмған

25.01.2023 02:05

Мамандар жеке сектордағы тұрғын үйлерді аралады

Almaty.tv

Алматыда жылыту маусымы басталғалы 19 адам газдан уланып, олардың бесеуі көз жұмған. Бұл туралы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында салаға жауаптылар бүгін арнайы жиын өткізді. Оған «Алматы-Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері және аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшылары қатысты. Мамандардың сөзінше, тұрғындар көп жағдайда өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайды. Сақтық шараларын ескере бермейді.

«Газ мекемесін шақырмай, өз еркімен газ құралының орнын ауыстырады. Желдеткіштерді бітеп тастаған, газ құралы тұрған бөлмеде ұйықтаған», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Динара Жусанбекова.

Басқосудан кейін әр салаға жауапты мамандар жеке сектордағы тұрғын үйлерді аралады. Газ және қазандық жабдықтарына тексеру жүргізіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережесін айтып, түсіндірді. Мамандардың сөзінше, газ қондырғылары тұрған бөлмені дұрыс желдету аса маңызды. Мұржалар әр 3 ай сайын тазалануы керек.

«Газ жабдығын өз бетінше орнатуға, ауыстыруға болмайды. Арнайы айналысатын мамандар бар. Соларды шақыру керек. Ал газ жабдығының дұрыс, ешқандай ақаусыз жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты. Істен шықса, жаңасына ауыстыру керек. Тұрғындардың салғырттығынан газдан улану көрсеткіші азаймай отыр», – деді «Алматы Газ» ЖШС қызметкері Игорь Борисенко.