Алматы: Жетісу ауданында 200-ден астам көпбалалы отбасына гуманитарлық көмек көрсетілді

almaty-akshamy.kz
almaty-akshamy.kz
Аудан кәсіпкерлері, еріктілер, сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары «Біз біргеміз» акциясына белсенді ат салысуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу ауданында 200-ден астам көпбалалы отбасына гуманитарлық көмек көрсетілді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Аудан кәсіпкерлері, еріктілер, сондай-ақ,  қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары «Біз біргеміз» акциясына белсенді ат салысуда. Көмекке мұқтаж жандарға азық-түліктен бөлек, дезинфекциялық құралдар табысталды.  

«Біз көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларға көмек көрсетуді 21 наурыздан бастап кеттік. Осы сәтті пайдалана отырып, қаламыздағы кәсіпкерлерді мұқтаж жандарға көмектесуге шақырамын. Осындай қиын-қыстау кезде бүкіл қоғам бір адамдай жұмылуы қажет. Бірлесіп жасаған жұмыстың арқасында кез келген қиындықты еңсере аламыз», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.  

Аудандағы көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмады. Бақытнұр Түселбаеваның 4 баласы бар, жолдасы уақытша жұмыссыз. Сондықтан қазір кез келген көмек отбасы үшін маңызды. Жанұяға азық-түліктен бөлек, дезинфекциялық құралдар да берілді. Сабын, маска және антисептиктер балаларды қауіпті кеселден қорғау үшін аса қажет дүние.

«Көп рақмет! Ссылай көмек көрсетіп жатқандарыңыз үшін Құдай риза болсын, батасын берсін!» – деді көпбалалы ана Бақытнұр ТҮСЕЛБАЕВА.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған үндеуінде елге төнген зауалды еңсеру үшін қосымша ресурстар жұмылдыру қажеттігін атап өткен болатын. Қазір республика аумағында бірнеше қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Соның бірі – «Жаңа Алатау».  «Біз біргеміз» акциясы аясында оған кәсіпкерлер қомақты ақша салып та үлгерді. «Жақсыда жаттық жоқ» деген аталы сөз бар. Қазіргідей сын сағатта мұқтаж жандарға көмектесем деген жомарт жандар болса, экранда көрсетілген банк шоттарына қаржы аударуына болады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланғаннан бері мұқтаж жандар үшін Тұңғыш президент қоры 200 миллион, «Нұр Отан» партиясы 150 млн теңге аударған болатын.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков,  «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров