|
30.07.2024 | 20:42
65

Жетісу облысының тұрғындары жолды жөндеуді талап етті

Жауаптылар сапасыз салынған жолға қатысты мердігер компанияға хат жолдаған

Жетісу облысының тұрғындары жолды жөндеуді талап етті Almaty.tv

Жетісу облысындағы Қапал ауылының тұрғындары «30 жылдан бері тас жолдың тауқыметін тартып келеміз» деп, шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңес кезеңінен бері жөндеу көрмеген жолға техника түсіп, күрек тигенде қапалдықтар қуанып еді. Бірақ қуаныш көпке созылмады. Қазынадан қара жолға деп бөлінген миллиондарға салынған асфальт жыл толмай бордай үгіліп, қайта қырық жамау күйге түсті.

– Жолды 3-4 жыл бұрын жөндеді, жамап қояды. Биыл тағы қопарылып жатыр. Көлік жүре алмайды, – деді Қапал ауылының тұрғыны Алмас Сарыбаев.

– Жедел жәрдем жүргізушісімін. Науқасты қалаға апарып, қайтып келе жатқанда дөңгелек жарылды. Бара жатқанда жарылғанда не болар еді? Адам жолда өліп кетсе, кім жауап береді? – деді Қапал ауылының тұрғыны Дәурен Баянов.

Талдықорған-Өскемен тас жолының тасасында қалған Қапал жолының ұзындығы 77 шақырым. Соның 26 шақырымына былтыр асфальт төселуі керек еді, алайда күзде қазылған жол әлі қопарылып жатыр. Қиыршық тас төселген құмырсқаның илеуіндей тар жолда көлік сынып жолда қалғаны ештеңе емес, қаншама жол апаты болып, жолаушылар зардап шеккен.

– 1989 жылы әскерге кеткенде жол жөнделген. Ал 1991 жылы борышымды өтеп, келдім. Содан бері жолды жөндеген жанды көрмедім, – деді Қапал ауылының тұрғыны Мұхтар Рахымбаев.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль басқарма өкілдері «жөндеу жұмыстары тоқтаған жоқ» деп отыр. Олардың айтуынша, көпір салуға ден қойылған. Содан кейін тас төселген бөлігінен бастап 8 шақырым жолға асфальт төселеді.  

– Жөндеу жұмыстары жалғасады. Биылғы жоспар бойынша 8, келесі жылы 18 шақырымына асфальт төселеді. 2025 жылдың соңына қарай автомобиль жолы қолданысқа беріледі, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары  Айдос Досжанов.  

Сондай-ақ басқармадағылар сапасыз салынған жол бойынша мердігер компанияға хат жолдаған. Олардың айтуынша, қопарылған жерлер жыл соңына дейін қалпына келтіріледі.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындық қалай жүргізілуде

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир