Алматының Алмалы ауданында 60 аула кешенді жөндеуден өтіп, 58 балаларға арналған алаң салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аула кешкі уақытта жарық болуы үшін 200-ден астам көше шамдары орнатылған. Сондай-ақ, биыл тағы 120 аула қайта жасалмақ. Ал мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкерлер 4 спорт және 5 балалар алаңын салып беріпті. Ауданда 18 шақырымды құрайтын 16 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Оған қоса, 13 мекенжай бойынша ұзындығы 7,5 шақырым жаяу жүргінші жолы жөнделген. Бүгін аудан әкімі халық алдында есеп берді. Биыл аудан әкімі жастар мәселесін шешуге тырысатынын айтты.
«Жалпы, Алматы қаласының орталығы Алмалы ауданында 14 және 35 жас аралығында 89 мыңнан астам адам тұрады, яғни, тұрғындарымыздың 45%-ы жастар. Сондай-ақ, ауданда 70 мыңнан астам студент оқитын 16 жоғары және 20 орта арнаулы оқу орны орналасқан. Жастардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және басқа да мәселелерін шешу мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы орайда, жастардың әлеуметтік көңіл-күйінің жақсаруы мен қаламыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысуына ерекше мән беруіміз керек», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.