Алматыда тағы бір жас жігіт жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

nur.kz
nur.kz
9 айдан бері іс-түссіз кеткен азаматты іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Талдықорғандық Азат Шаймұратов есімді жігіттің былтыр мамыр айында жұмыс іздеп Алматыға кеткені белгілі. Сол күннен бері одан хабар жоқ. Азаттың анасы редакциямызға хабарласып, телеарнадан көмек сұраудан басқа амалым қалмады дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл -  Азаттың сүйген қызына үйден шығар кездегі жазған соңғы хаты. 2018 жылдың қазан айында әскерден оралған жігіт, алып шаһарға жұмыс іздеп келеді. Осында жүріп екі қолға бір күрек таппағаннан кейін, несиеге көлік сатып алыпты. Жоғалардың алдында көлікті әлдебіреуге бөліп төлеуге келісіп сатқан көрінеді. Анасы болса, баласын сол көліктің кесірінен басына қандай да бір іс түсіп қиналып, қашып кетті ма деп ойлайды.

«Біреулер мал бақтырып жүр деп айтады, біреулар тағы бір жерге алып кетіпті, құл қылып жүр екен деген түрлі сыбыстар естідік. Содан соң өзіміз іздей бастадық. Алғашқы күндері тау жақ оқыс болды, одан кейін ешкімнің мазасын алмайық деп папасы екеуіміз жаяу шығып, талай мал бағып отырған жерлерді араладық», - деді Азаттың анасы Баян БУКЕМБАЕВА.

Азаттың төлқұжаты ата-анасының қолында. «Сондықтан оның шет мемлекетке шығуы мүмкін емес», - дейді әкесі. Үйден шығарда өзімен бірге тек ұялы телефонын ғана алып кеткен.

Дәл қазір Азаттың ата-анасына жалғыз дәйекті ақпарат телефонының алып кеткендігі. Күн сайын, сағат сайын балаларына осылай қоңырау шалып әлек. Алайда, алатын жауаптары осы ғана.

Азат – бір үйдің жалғыз ұлы. Өзінен үлкен әпкесі ғана бар. Өмірі қабағын бір шытқан емес, әрдайым күліп жүретінін айтады. Араларында араздасып қалатындай себеп те болмапты. Бәрінен де ана жүрегі баласын қарақшылар бір жерде ақша үшін ұстап отыр ма деп ауырады.

«Баламыз біреуге қарызданып қалған шығар. Төлеу керек болса, қарызын біз-ақ төлейік. Өлі ме, тірі ме деген сұрақ күнде мазалайды. Алайда, баламды түбі аман-есен көрем деп сенемін», - деді Азаттың анасы Баян БУКЕМБАЕВА.

Азат жоғалған күні қаладағы «Жас қанат» ықшамауданында болыпты. Бірнеше уақыттан бері хабарсыз қалған соң ата-анасы Наурызбай ауданының полициясына арыз түсіреді. Қазір іздеу шаралары жалғасып жатыр екен.

«Бүгінгі таңда арнайы тергеу тобы құрылып, Азат Шаймұратовтың аман-есен оралуына, табылуына бағытталған іс-шаралар жүргізілу үстінде. Қазіргі таңда болуы мүмкін жерлері тексеріске алынды. Сонымен қатар, араласып жүрген адамдары да сұрақ-жауап процедураларына қатыстырылуда», - деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Азаттың бойы – 185см, салмағы  – 84  келі. Қара шашты, қоңыр көзді. Осы жігіт жайлы қандай да бір ақпаратты байқаған көрермен экранда көрсетілген нөмірге хабарласуын немесе құзырлы органдарға хабар берулерін сұрайды.

Новости партнеров