Қос қожайын: елге оралған шымкенттік қандастар үйсіз қалуы мүмкін

16.08.2024 01:46

Жауаптылар көпшілікке үлестірілген учаскенің санын нақтылай алмай отыр

Almaty.tv

Атамекенге ондаған жыл бұрын қоныс аударған азаматтар енді баспанасыз қалуы мүмкін. 4 жылдан бері тұрғын үйден тыныштық кетті деген олар жергілікті биліктің жер учаскелерін басқаларға сатқанын айтып наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Он бес жыл бұрын Өзбекстаннан атамекенге оралған Әбіләкім Айтқұлов баспанасыз қалуы мүмкін. Бірер апта бұрын келген сот орындаушылары жігіт ағасының үйін сүрмекші болған. Содан бері көпбалалы отбасының тыныштығы кетті. Оның сөздерінше, қандас мәртебесі бар азаматқа учаскені мемлекет берген. Бірақ құжат бойынша Шымкенттен берілген жерді Түркістан облысынан басқа азамат алған. Бір жердің екі иесі пайда болған.

– Үй бұзылса, қиындық болса, бұл жерге не үшін келдік? Ашуланамын деп 3 рет ауруханаға жатып шықтым. Қолым тартылып, істемей қалған, – деді қала тұрғыны Әбіләкім Айтқұлов.

Шымкенттегі Шаңырақ шағынауданында шырылдап жүрген қандастар қатары мұнымен бітпейді. Қазақстанға 20 жыл бұрын көшіп келген Маржангүл Елшібаева да құжатынан қате шығып, былтыр үйінен айырылып қалған. «Маржангүлдің күйін кешеміз бе?» деп тағы 6 отбасы үрейленіп отыр.

– Қазір 22 үйге қатысты дау болып жатыр. Сайрам ауданының кадастр бөлімі бір шешіммен 3 мемлекеттік акт берген. Олар бірін-бірі сотқа бере ме? – деді қала тұрғыны Оңғар Кенжеев.

Ағайынға бөлінген жердегі былықты Жер қатынастары басқармасы білмегенін айтты. Жауаптылар көпшілікке үлестірілген учаскенің санын да нақтылай алмай отыр.

– Мен нақты қанша отбасына жер берілгенін білмеймін. Шымкент қаласынан Шаңырақ ықшамауданы, Сайрам ауданынан Тұрдабат елдімекені құрылады. Шекара дұрыс көрінбеуі салдарынан Сайрам ауданы мен Шымкент өз шешімімен жерді табыстаған, – деді Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков

Жылдар бойы шешілмей келе жатқан қандастар мәселесін жаңа естідік деген жауаптылар тексеріске кіріспек. Он бес жыл бұрын «Асар» бағдарламасымен Шымкентке көшіп келген отбасылардың бұл мәселесі қашан және қалай шешілері әзірге жұмбақ.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Шығынды кім өтейді: баспанасы бүлінген астаналықтар не істерін білмей дал