Мемлекеттік рәміздер күнін алматылықтар қалай атап өтті

almaty.tv
almaty.tv
Ұлттық нышандар – халқымыздың мұқалмас рухын, даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Барша отандастармен қатар мемлекеттік рәміздер күнін алматылықтар ерекше атап өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл күн қазақ халқы үшін қастерлі, өйткені мемлекеттік нышандардың бекітілуі қарқынды дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс болды. Сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін ерекше қадірлеп, қастерлеуге баулу мақсатында Алматы жастары ерекше бастама көтерді. Арбатта «Нұр Отан» партиясының белсенді жастары карантин талаптарын ескере отырып, дүйім жұртқа ту таратып, бұл күннің маңыздылығына ерекше мән берді. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет деген ұранды ұстанды.

Ұлттық нышандар – халқымыздың мұқалмас рухын, даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Бүгінде мемлекеттік рәміздер республика көлемінде кеңінен атап өтілуде. Соның бір айғағы – Алматыдағы Арбатта көпқабатты үйлердің бірінде көк байрағымыз желбіреп, бұл күннің маңыздылығын тағы бір айшықтағандай болды.

Бұл күн демалыс болып жарияланбаса да, бүгін Алмалы ауданы әкімдігі мен «Жас Отан» жастар қанаты біріге отырып, тамаша бастама көтерді. Әрбір қала тұрғынына бұл күннің қастерлі екендігін жеткізу – үлкен патриоттық сезімнің бір көрінісі.

«Көпшілік арасында, халық арасында бүгінгі күнді насихаттау, сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет  әрбір азаматтың міндеті екенін түсіндіру», – деді «Jas otan» жастар қанатының қалалық филиал төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

«Мемлекеттік рәміздер – дербестігіміздің, тәуелсіздігіміздің нышаны. Бүгін осы күнді атап өтуге қала жұртшылығы да белсене араласты. Олар өз үйінің балконына көк байрағымызды іліп, айтулы күннің еліміздің әр азаматы үшін ерекше екенін көрсетті.  Алаңда ту тараттық. Карантин режимінің сақталуына үлес қосайық деп, бетперделер таратумен де айналыстық», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр БЕКЖАНОВА.

Шара аясында алаңға жас суретшілердің еңбектері қойылды. Абай, Әл-Фараби, қазақ батырлары бейнеленген картиналар Арбаттың сәнін келтіріп, тұрғындардың қызығушылығын тудырды. Бұл іске әкем театрдың қызметкерлері де жұмылдырылыпты.

«Елімізді, халқымызды сүю деген ол ұлтшыл болу деген сөз емес. Ол өз елінің патриоты бол деген сөз. Мысалы, мына туды желбіретіп мен фестивальдерге шығам. Өзімнің жалауым бар, шетелге шыққанда өзіммен бірге алып жүремін. Оның өзінің де үлкен көмегі бар екен. Біз топ болып жүрген кезде шетелде, бір-бірімізді таппай қалған кезде қалың көпшіліктің арасынан, туды биік көтеріп, «Қазақстан біз осындамыз» деп, бәріміз бір жерге жинала қаламыз. Сондықтан көк туымыз желбірей берсін!», – деді М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Шынар АСҚАРОВА.  

БЛИЦЫ:

– Осы көк туымыз осылай желбіреп тұра берсе. Адамдардың дені сау боп, бақытты өмір сүруін тілеймін!

– Жастарға болашақта мемлекеттің туын асқақтатып, биікте ұстап, бүкіл әлемге таныта берсе деп тілейміз.

– Саксофон....Еліміз жасара берсін,гүлдене берсін! Байлық болсын, тыныштық болсын!

Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Ұлттық нышандар арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Бұл күн жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.

Сая Меңдеке, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров