Алматыда санитарлық талаптарды сақтамаған бірқатар тамақтану орны жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандар бірнеше олқылықты анықтады. Енді халықтың денсаулығына қауіп төндіретін нысан қателіктерді түзегенге дейін жабық тұрады.
Түскі ас кезінде іші халыққа толатын бұл кафеде де біраз қателік бар. Даяшының бірі маскасыз жүр. Қоғамдық тамақтану орнында дене температурасын өлшейтін құрал атымен жоқ. Жұмысшылардың таңертеңгі денсаулық жағдайы журналға тіркелмейді де екен. Келген қонақтардың да дене қызуы өлшенбейтін болып шықты.
Ашылғаныма аз болды деп азар да, безер де болған жалға алушы құрылғы сатып алмаған. Ал қолданыстағы антисептик құралдың сертификаты жоқ.
Ал, аспаздың бетпердесі былай тұрсын, үстіне арнайы киім киместен, дөнер пісіріп жатыр. Қолында медициналық қолғабы, бас киімі жоқ ол даладан келдім деген сылтау айтты.
Олқылықтың көкесі жылдам тамақтану орнына кірген кезде анықталды. Көбірек келушілерді қабылдау үшін жалға алушы келіншек үстелдерді алмаған. Бәрін баяғы күйінде қалдырыпты. Яғни, арақашықтық сақталмаған.
Бас пайдасын ойлаған кәсіпкерден бірқатар олқылық анықталды. Оны мамандар жақсылап түсіндіріп, жіпке тізді. Енді санитарлық ережелер сақталмаған қоғамдық тамақтану орны осылай жабылып қалды. Дәл осындай күй кешпес үшін барлық қоғамдық тамақтану орындарына ортақ талаптарды орындаған жөн дейді мамандар.
«Жылдам Азия» тағамдарын пісіретін үйшік ішінде де сол жағдай. Аспаз тек тағам дайындап ғана қоймай, қолынан антисептик жасау келетінін айтты. Ішіне спирт қосып құтыға өзім құйдым деді. Сондықтан сапасы мен құрамы туралы бір тілім қағазым жоқ деп қысқа қайырды.
Жалпы рейд басталғалы 1 апта ішінде бір ғана Түрксіб ауданында 10-нан астам нысаннан қателік табылып, олқылықты дұрыстағанша уақытша жабылған.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы телеарнасы