Атыраудағы Геолог ауылының тұрғындары 10 жыл өтсе де жарыққа жарымай отыр. Шағым айтқан көпшілік тиісті мекемеге сан мәрте жүгінгенімен мардымды жауап ала алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиналғандардың алды мұнда осыдан 15 жыл бұрын көшіп келген. Жұрт жылдар өтсе де, «мәселеміз шешілер емес» деп күйінеді. Олардың айтуынша, бір өшіп, бір жанған жарықтың кесірінен несиеге алған техникасы күйіп кеткен. Ал аптап ыстықта жағдай тіптен қиындай түскен. Өйткені трансформатордың қуаты ыстықты көтере алмайтын көрінеді.
– Үйде телевизорым, тоңазтқыш істемей қалады. Компания басшысы жұмыс істемейді. Халық оны жұмыстан шығаруды талап етіп отыр, – деді қала тұрғыны Серікбай Қабиев.
– 350-дей тұрғын бар, тұтынатын техниканы несиеге алған. Өтемақы төлесін. Дамыған заманда жарыққа жарымай отырмыз. Трансформатор орнатып берсін, – деді қала тұрғыны Бибігүл Молдашева.
Бұқара талай мәрте әкімдік есігін қаққанымен ондағылар мардымды жауап айтпапты. Күдері үзілген жұрт амалсыздан жыртық-жамауды өз күшімен қалыпқа келтіреді екен.
– Трансформатор жанып кете береді. Еш шара қолданбайды. Ешкім жұмыс жасағысы келмейді. Жанады-сөнеді, амал жоқ, отырмыз, – деді қала тұрғыны Ринат Қабдуллин.
Ал жарыққа жауапты «Атырау Жарық» мекемесіндегілер «Олар жеке бау-бақша саналатындықтан біздің баланысымызға кірмейді. Сондықтан тұрғындардың әкімдікке арыз жазулары қажет» дейді. Ал біз өз тарапымыздан тек жарықты қоса аламыз деп кесіп айтты.
– Шешетін жолын әкімдікке барып, шағымдарын жеткізуі қажет. Кейін қаржы бөлінсе, бағаналарды ауыстыру керек. Ал біз тек қосып, дайындап береміз. Нақты мәселе құрылыс-монтаждау жүргізген соң шешіледі. Яғни, жаңа сымдар орнатып, линияны ауыстырса ретке келеді, – деді «Атырау Жарық» АҚ бірінші вице-президентінің орынбасары Қуаныш Жұмиев.
Тұрғындар талабын жергілікті әкімдіктегілер шешіп бере алмаса, ары қарай шағымдануға дайын отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау