Ақ жаулықты аналар ансамблі ұлттық тәрбиені ұлықтап келеді

elements.envato.com
elements.envato.com
Алғашқы концерті 1988 жылы 7 наурызда өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысының Еңбек ауылында 43 «Алтын алқа» иегері тұрады. Сахнаның сәнін келтірген әжелер «Батыр аналар» ансамблінің үшінші буыны, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Жиырмаға жуық көп балалы анадан құрылған ансамбль 1988 жылдың 7 наурызында алғашқы концертін қойды. Содан бері өнер ұжымы өңір мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Кейінгі буын өнеге алатын талай істің басында жүрген ақ жаулықты аналар ұлттық тәрбиені ұлықтап келеді. «Батыр аналар ауылында» 100-ге жуық батыр ана бар. Олардың 43-і - «Алтын алқа», 54-і «Күміс алқа» иегері.

- Трио, квартет болып өлең айтады. Домбыра, гитарамен ән айтатын қыздар бар. Жеке әндерді екі дауыста, хормен айтамыз. Батыр аналардан көрген жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Көңіл күйіміз өте жақсы, - дейді «Батыр аналар» ансамблінің жетекшісі Алтын Мамадалиева.

Он бір перзентті дүниеге әкелген Тазагүл әжей ауыл балаларын қолөнерге баулып жүр. Кейуана сексеннің сеңгіріне шықса да еңбектен қол үзбей, қыздарды тоқыма тоқудың қыр-сырына үйретуде. Ізінен ерген бұрымдыларға бата беріп, ақыл-кеңес айтудан жалыққан емес.

- 18 баланы өмірге әкелген Патима, Сабыт деген құрдасымыз болды. Олардың барлығы азамат болып, алды зейнетке шықты. Кейінгі батыр аналар ең кемі тоғыз баладан дүниеге әкелген. Барлығы үлкен азамат болып, елге пайдасын тигізіп, ұрпақ өсіріп отыр, - дейді «Алтын алқа» иегері Тазагүл Қазыбекова.

Еңбек ауылының аналары - бесаспап. Солардың бірі - Айнұр Доспенбетова. Алты баласының нанын адал еңбекпен тапқан жан құрақ құраудың хас шебері. Ісмер келіншек мемлекеттік бағдарлама арқылы 1 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

- Осы кісілердің арқасында ұршық иіруді, жүн түтуді үйрендік. Құрақ, көрпеше де, перде де, бесіктің жасауын да тігемін, - дейді «Күміс алқа» иегері Айнұр Доспенбетова.

Бірлігі бекем, тірлігі түзу топырақтың тағы бір ерекшелігі, соңғы жеті жылда өңірде мүлдем қылмыс тіркелмеген. Бұл даналықтың бастауы - аналардың ақылы, тағылымды тәрбиеден. Осылайша, жастары еңбекпен есейген ауыл тәрбиенің тал бесігі екенін танытып тұрғандай!

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Өскелең ұрпақты мамандыққа баулып, еңбекке ынталандыру қажет

Новости партнеров