|
21.07.2023 | 20:49
15119

Ескі үйдің әлегі: Ақтөбеде 35 отбасы үйсіз жүр

Апатты деп танылған жатақхана құрылысы тоқтап тұр

Ескі үйдің әлегі: Ақтөбеде 35 отбасы үйсіз жүр Almaty.tv

Ақтөбеде апатты деп танылған жатақхана тұрғындары далада қаламыз ба деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі қабатты ескі үйдің тарихы әріден басталады. Жарты ғасыр бұрын іргесі қаланған ғимаратты 2018 жылы апатты деп таныпты. Десе де, басқа барар жері жоқ көпшілік осы күнге дейін қираған үйде тұрып келді.  Шенеуніктер жаңа үй салып беруге ниеттенгенімен, тозығы жеткен жатақханаға қызыққан инвестор бірден табыла қоймапты. Ал үй салып беруге ниетті компания жұмысын бастаған сәтте, билік көрші үйлердің рұқсаты жоқ екенін айтып құрылысты тоқтатып тастаған.  

– Бізге мына жерден қосымша жер телімін бөлді. Барлық сұрақ негізі шешіліп қойған еді. Бірақ әкімдіктегілер ойланып қалды. Айналадағы тұрғындардан рұқсат алу керегін айтты. Бұл шынында бізге де қомақты қаржы әкелетіндей жоба емес, – деді құрылыс компаниясының директоры Бауыржан Китанов

Жоба бойынша үй үш кіреберісті болу керек еді. Алайда жергілікті билік бір есікті алып тастау қажет екенін айтқан. Бұл инвестор үшін қып-қызыл шығын. Тіпті компания өкілдері бұл жобаны қолға алғанына өкініп отыр. Қоныс тойынан үмітті тұрғындардың да қуанышы су сепкендей басылған.

– 42 шаршы метр болады деп уәде еткен. Қосымша қаржы төлеймін. Зейнеткер болсам да шартпен толықтай келістім. Өйткені тозығы жетіп тұрған ескі үйден әбден қажып біттім, – деді қала тұрғыны Сағынбай Қуанышев.

Әкімдіктегілер инвестор құрылысты толық салып беретінін айтты. Себебі тиісті құжатқа қол қойылған.

– Жатақхана тұрғындарымен инвестор арасында келісім бар. Сондықтан жүзеге асырылуы тиіс, – деді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сұлтан Аманчин.

Алдымен үйдің қабатымен мәселені шешу керек- дейді әкімдік, әйтпесе жоба сараптамадан өтпейді. Бұл үшін қанша уақыт кететінін олардың өздері де айта алмайды. Ал  тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ. Айта кеткен жөн, дәл қазір 35 отбасы үйсіз отыр. Құрылыс тоқтағалы бұрынғы баспаналары қаңғыбастар мекеніне айналған. Жуырда ғана өрт болып, бірнеше бөлменің іші жанып та кетіпті.

 Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, Алматы телеарнасы, Ақтөбе

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир