Туабіткеннен ауыр дерттің азабын арқалаған 3 жастағы Томирис Қайраттың анасы бүлдіршіннің денсаулығы күннен-күнге жақсарып келе жатқанын айтты. Бір жыл бұрын арнамызға орталық жүйке жүйесі зақымданып, шұғыл ем-домға мұқтаж болған алматылық балақайдың жақындары хабарласып, көптен көмек сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Томирис Қайрат денесінің жетілуі тежеліп, бұлшық еті әлсіз болып туылған. Қол-аяғы құрысып, тіпті өздігінен отыруға шамасы келмейтін. Дүние есігін ашқан беттен қимыл-қозғалысы қиын балақайға дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған. Еміне ақша тауып, арада бір жыл өткен соң, Томиристің денсаулығының жақсарғанын анасынан естідік. Алматы тұрғыны Зарина Исағожаеваның айтуынша, тілекші жұрттың мейірімі оларға демеу болған.
– «Алматы» телеарнасынан көрсетілген материалдан кейін, қаражат жиналып, Түркияға аттандық. Бір ай оңалтудан өттік, түрлі тексеріс жасады. Түркиядан кейін Томиристің жағдайы әлдеқайда жақсарды. Аяқ-қолын қозғалтып, отырып, еңбектеп, сүйеніп тұратын болды. Қуанышымызда шек жоқ. Дәл осындай көмекке мұқтаж, қиын жағдайға тап болған жандарға ерікті ретінде көмектесіп жүрмін, – деді Томиристің анасы Зарина Исағожаева.
Бір жыл бұрын туабіткеннен аяқ-қолы құрысқан Томирис отыра алмайтын. Ол қазір ойнап, еңбектеп, артынан ерген Ақнұр есімді сіңілісімен жарыса өсіп келеді.
– Қазіргі жағдайы 40 пайыз жақсы. Өзі отырады, қозғалады. Түрлі ем қабылдап жатырмыз. Кішкентайымыз 1 жасқа толады. Ақнұрымыз еңбектесе, ол да еңбектегісі келеді. Сөйлесе, сөйлегісі келеді. Соған бейімделіп жатыр. Қызымның жүріп кететініне сенеміз. Аллаға шүкір, туысқандарға, халқыма рақмет! – деді Томиристің әжесі Күләндә Сейітқазиева.
Бір жыл бұрын қолы қимылдамай, ішек-құрылысы дұрыс жұмыс істемей, дене қызуы түспейтін Томирис бүгін өздігінен қадам жасауға ұмтылып жүр. Бүлдіршінге әлі де ем қабылдап, түрлі оңалту жаттығуларынан өту керек. Балақайдың келешекте жүріп кететініне жақындарының сенімі мол.
Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Игі іс: телеарна тілшілері қарияға құжатын алуға көмектесті