Боксшы қыз Лейла Әлиге еліктеп талай қыз рингке ұмтылған. Елімізде де былғары қолғап киіп, шаршы алаңда атой салған арулар аз емес. Соның бірі – Парижде қола таққан Назым Қызайбайға еліктеп жүрген Жасмин Бақберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласында тұратын Жасмин Бақбергенді көпшілік әлеуметтік желі арқылы жақсы таниды. Болашақта әлем чемпионы болуды армандайтын жас жеткіншек 4 жасынан бастап былғары қолғапты жанына серік еткен.
– Маған бокс ұнайды. Мен әлем чемпионы боламын, – деді боксшы Жасмин Бақберген.
Жасмин алғаш рет Жезқазған қаласында өткен жарыста ұл баламен жұдырықтасқан. Өйткені өз салмақ дәрежесінде қыз бала болмапты. Алғашқы жарысында-ақ қарсыласын ойсырата жеңіп, көзге түскен ол сол турнирде бірінші орынды иеленген. Небәрі 5 жасында батылдығымен боксқа келген Жасминнен бапкері зор үміт күтеді.
– Жасминнің дайындалып жүргеніне 2 жылдай болды. Бес жасынан бастап жарысқа апардым. Ер мінезді қыз, ешкімнен қорықпайды. Дұрыстап дайындау керек. Алла қаласа, мақсат – Қазақстан, Азия, әлем чемпионатын ұту. Ал олимпиадаға барсақ, алтын медаль алып келеміз деп ойлаймын, – деді Ж. Бақбергеннің бапкері Қанағат Ниязов.
Бұған дейін би үйірмесіне барып жүрген өнерлі қыз қайсар мінезімен бокс залына келген. Бірнеше облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген ол үздіксіз дайындық үстінде. Алдағы уақытта республикалық, халықаралық турнирлерді бағындыруды жоспарлап жүр.
Айта кетейік, Сәтбаев қаласында 3 бокс залы бар, онда 300-ге тарта спортшы шынығады.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Жағландағы мұражай: Қызылорда облысында 73 жастағы әже ғылыми еңбегін қорғады