Ауаға ақша төлеп отырмыз: Іле ауданының тұрғындары электр пешін қолдануға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті әкімдік ауылдың 96 пайызы газ құбыры желілеріне қосылған деп есеп берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ауаға ақша төлеп отырмыз». Осылай деген Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғындары бір аптадан бері жылусыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тілендиев тұрғындары қырау басқан үйде тоңып, сырт киіммен жүруге мәжбүр. Оның басты себебі көгілдір отынның қысымы төмендеп, мүлде жылу бермейді. Амалы қалмаған ауыл азаматтары азынаған үйге сыймай, көшеге шығып, шағымын айтты.

– Газды қосқаныма төрт жыл болды. Былтыр да осы мәселе болды, – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Гүлнара Қожабекова.

– Газдың түбіртегі келгенде, уақытынан кешіктірмей төлейміз. Өткен айда 11 800 теңге төледім. Гас қысымы төмен, үй суық, бірақ төлейсіз. Әйтпесе қиып тастайды. Ал қиып тастаса, 20-30 мың теңге төлемей, қайта қоспайды, – деді Н. Тілендиев ауылының тұрғыны Айдар Қашқынбаев.

Бұрқасын боранда халық кімнен көмек сұрарын білмейді. Ал жергілікті әкімдік ауылдың 96 пайызы газ құбыры желілеріне қосылған деп есеп берді. «Газдың аты бар, заты жоқ» деген халық ауаға ақша төлейтінін айтып, наразылық танытты.

– Даладағы есеп құралы тоқтаусыз айналып тұр. Ауаға ақша төлеп отырмыз. Міне, газ жоқ, қосылмайды, – деді Н.Тілендиев ауылының тұрғыны Кәмила Ықыласбаева.

Дірдектеген дүйім ел, тым құрыса қуаты жоқ көк отынның тарифтік бағасын төмендетіп берсе деп талап қойды. Өйткені газдан қайыр болмағасын, көмір алып екі шығындалған. Ал жергілікті билік газға жауапты компанияға сеніп отырғанын жеткізді. Халық саны артқан сайын, түсетін жүктеме де артқан.

– Ауылды 838 аула бар, соның 808 үйге жылу құбыры тартылған. 4 мыңға жуық халық бар. Бәрі жылусыз отыр деп айта алмаймын, – деді Қараой ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов.

Көпшілікке газ құбыры түскен картаны көрсеткен компания өкілі 10 күн ішінде бәрін шешетінін айтып, сендірді. Оның айтуынша, алыстан келген көк отынды ауылға кіргізу оңай болмапты.

– Біз 11 шақырым газ трассасын аяқтадық. Қазір 1 шақырым ғана қалды. Қазір Чапаев, Жарқын, Жастар сынды өзге де ауылдарда газ қысымына қатысты мәселе туындап жатыр. Жобаны аяқтаймыз, мәселе шешіледі, – деді «Алматыгазсервис-Холдингі» директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен.

Қыс ортасы қысалтаяң күн кешкен қалың ел енді электр пешін сатып алуға мәжбүр. Ал оған қолы жетпегендер қайда барарын әзірге білмейді.

Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнсы

Оқи отырыңыз: Қарыз емеспіз: Астаналық тұрғындар әділдікті талап етіп отыр

Новости партнеров