Құмар ойнап, құрдымға кеттім деген маңғыстаулық азамат «Лото» букмекерлік орталығын өртеп жіберді. Оның айтуынша, осы бәс тігетін орынға жиырма жыл бойы жегіліп, 200 миллионға жуық ақшасын салып жіберген. Ер адам осы секілді ойын орталықтары жастардың санасын улап, азғырып жатқанын айтады. Енді осы жағдайдан кейін қоғам белсенділері де еліміздегі барлық бәс тігетін букмекерлік орталықтар мен казинолар жабылсын деп талап қойып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Амалсызбын деп осындай әрекетке барған жігіт Бейнеу ауданындағы букмекерлік орталықты өртеп құртпасам болмайды деп мұңын шақты. «Ешкімнің өлгенін қаламаймын, өртенсем өзім өртенейін» деп мекемеге бензин шашып жатқан сәті әлеуметтік желіде тарады. «Лотоның» сау-тамтығын қоймай жағып жіберген азамат бұл әрекетін басқа жастарды құмар ойындардан арашалығым келді деп түсіндірді.
«Ассалаумалейкум, ағайын-туыс, бауырлар, қазақ елі. Мына «Лото», «Шарик», «Рулетка», «Олимп», «1хбет», «Фонбет» жалпы букмекерлік конторалар қазақтың түбіне жетті. Мен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы тұрғынымын. Аты-жөнім Сулейменов Әсет Игілікұлы. Қазір мына «Лотоны» өртедім», - дейді видеода облыс тұрғыны Әсет Сүлейменов.
Балама бір тиын бермей, «Лотодан» ұтқан ақшамды қайта ұтылдым деген азамат барлық жауапкершілікті өзім көтеремін деп отыр.
«Оқиға орнына келген полиция 36 жастағы күдікті ер адамды ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ ол WhatsApp мессенждерінде «Лото» ойын клубының өртеніп жатқанын таратқан. Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексі бойынша 202-баппен іс қозғалды», - деді Полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі бастығының міндетін атқарушы Айгерім Ибатуллаева.
Шырқы бұзылған талай шаңырақ осы құмар ойыннан құрдымға кетті деп қоғам белсенділері дабыл қағып отыр. Оның үстіне бәс тігіп басы кеткен талай жігіттер құмар ойынның жетегінде жүр деп белсенділер бас көтерді. Ақпараттық арналардын қолдау сұраған Қайрат Құдайберген букмекерлік кеңселер мен ойын орталықтарын жабу туралы петиция жариялапты.
«Үкімет арқылы казиноларды жабу ниетімен көмек беретін ағаларды, депутаттарды іздеген едік. Бірақ бұған құлақ асар Үкімет жоқ, не Президент бізді естіген жоқ, өкінішке қарай. Платформаларды, одан басқа бинго, лото дегендерді жабу керек. Маңғыстаудағы Әсет деген бауырымыздың «Лотоны» өртеп жібергенін естідік. Бұл бүгін ғана жағдай, ал ондай нәрселер өте көп», - дейді кәсіпкер, қоғам белсендісі Қайрат Құдайберген.
Базынасын осылай жеткізген белсенді өзі бастаған петицияға бір күнде 23 мыңнан астам қол жиналғанын айтады. Сонымен қатар осы бастамаға басқа да отандастарының біріккені дұрыс дейді.
Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы