Хакім Абайдың музыкалық мұрасы осы күнге дейін толыққанды зерттеліп, халық арасында насихатталған жоқ. Белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали осылай дейді. Оның сөзінше, ұлтымыз ұлы ақынның көп болса 7-8 әнін ғана біледі. Президенттің биыл «Абай жылы» деп жариялағанының арқасында ғалымдар, өнерпаздар тарапынан тау тұлғаның туындыларын зерделеуге деген жаңа көзқарас қалыптасты деген пікірде. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек жалғастырады.
Белгілі ғалым-академиктердің зерттеулерінде ұлы ақын Абай өзінің өлеңдеріне, атап айтар болсақ, «Айттым сәлем, Қаламқас», «Амал жоқ қайттым білдірмей», «Татьянаның хаты», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» секілді шығармаларына ән шығарған. Тіпті, Крыловтан аударған «Қарға мен бүркіт» аллегориялық өлеңін де музыкамен сүйемелдеген. Бұл ғұлама ақынның шеберлігін, даналығын, өрелігін көрсетеді дейді, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
«Композитор болғанда ол өзінің бүкіл шығармасында жаңалықты құбылыстар көп болған. Қазақ өлеңінің архитектоникасын өзгертті. Музыкалық, интоннациялық жолдарын байтты, ырғағын кемелдендірді. Сондықтан ол осының барлық жаңашылдығының көзі – ұлт тінінің ішкі мүмкіндіктерін толық жан-жақты пайдалана білді. Абай өзі 3 шекті домбырада ойнаған. Кейде әндерін айтып отырғанда домбырасыменен сүйемелдеп отырған», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Өнертанушылардың есептеуі бойынша Абай 26-ға жуық ән жазған және оны Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди сияқты сол заманның дүлділ әншілері орындаған. Ал, бүгін ақынның тек 7-8 әні ғана кеңінен танымал, ал қалғандары орындала бермейді, дейді есімі елге аян дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали. Биыл ақынның мерейтойында көптеген музыкалық шығармаларының жаңа сыры ашылып, тереңнен зерттеліп жатқанын айтады.
«Сирек орындалатын әндері «Сұр бұлт тұман дым бүркіп», «Өзгеге көңілім тоярсың» деген сияқты, «Ата-анаға көз қуаныш», Бойы бұлғаң» секілді әндері қайтадан түлеп ұшып жатыр. Енді одан бөлек, мүлдем орындалмаған, осы уақытқа дейін қағаз бетінде қалып қойған «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Біреуден біреу артылса», «Қарашада өмір тұр», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» сияқты тағы бірнеше әндері Абай атамыздың бүгінгі таңда мықты-мықты өнерпаздардың орындауыменен таспаға жазылып, видеоға түсіріліп, әлеуметтік желі арқылы, телеарна мен радио арқылы эфирлерден беріліп жатыр», – деді дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.
Ғалымдар мен өнертанушылар егер әннің 1-2 нотасы өзгерсе, оны жаңа нұсқа деп қабылдау қате пайым дейді. Мысалы, «Татьянаның әні» шығармасының 7-8 нұсқасы берілгенмен, оның негізгі әуені бір дегенді алға тартады. Бұдан бөлек кәсіби композиторлық мектептің алғашқы қарлығаштары Кенжебек Күмісбеков, Сыдық Мұхаммеджанов, Әбілхат Еспаев сынды тұлғалардың әндері Абайдың әндері деп телініп кеткен дейді. Осындай олқылықтардың салдарынан Абайдың әндері 100-ден асады деген деректер берілген әдебиеттерде. Ал, бұл кемшіліктерді түзету ғалымдардың еншісінде болмақ.
Асылбек Тойбек