Аудан ауруханасының құрылысына жегілген тұрғындар жалақы ала алмай отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Ал басқармадағылар мердігер компанияға 235 млн теңге аударған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аудан ауруханасын көркейтпек болғандардың басы дауға қалды. Жетісу облысында ел емделер орын саламыз деген құрылысшыларға 5 айдан бері жалақы берілмей келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел ем алуға келгенде аурухананың іші жылы, сырты жарқырап тұрса деген ауыл азаматтары қыстың көзі қырауда құрылысқа кіріскен. Қақаған аязда жалаң қолмен шатырды ашып, қабырға қырып, ең ауыр жұмысты істеген олар жалақысын әлі ала алмай отыр.  

– Құрылыс жұмыстарын ауылдың жігіттері жасады. Бірақ ақшасын өзге фирма алып отыр. Істеген азаматтар қарызға батып қалдық, – деді құрылысшы Рахат Аусадықов.

– 19 жастағы бозбалаға 40 градус аязда жұмыс істеу оңай емес. Кешкісін сағат 19:00-де келеді де асын ішіп, сағат 24:30-ға дейін қайта жұмыс істеуге кетеді. Бірақ ақшасын төлеген жоқ, – деді Ақсу ауданының тұрғыны Жанар Шағадиева.

Ақ адал еңбектің ақысын даулап жүрген 30-ға жуық азамат жұмыс берушілердің 5 млн теңгедей берешегі барын айтып отыр. Ақсу аудандық ауруханасының сейсмикалық нығайту жұмыстарына жарияланған тендерді ЖШС ұтып алғанымен, тапсырыс беруші мекеме құрылысты қосалқы компаниялардың жүргізіп жатқанынан бейхабар.

Өз тарапымыздан міндеттемемізді  орындадық. Биылға қарастырылған аванстық төлем болған, ол толығымен төленді және орындалған  жұмыстар актісі болды. Қосалқы мердігерді тартатын жағдайда, бас мердігер тапсырыс берушіге хабарлауы керек. Бізге ешкім хабарлаған жоқ, – деді құрылыс басқармасының бөлім басшысы Санжар Қобдыбек.

Былтырдан бері басқармадағылар мердігер компанияға 235 млн теңге аударған. Жауаптыларға «жұмыс жоспарға сай» деп есеп берген компания өкілдері ауылға ат ізін де салмаған көрінеді. Ал мердігер  жалдаған қосалқы фирмадағылар жұмысшыларды зар қақсатып қойған.  

Бастапқыда «ақшаны бүгін береміз, ертең береміз» деп елді сендіріп келгендер қазір қоңырауға жауап бермейді. Кеңсесі Астана қаласында орналасқан компания өкілдерімен біз де байланыса алмадық. Ал мердігер жұмысшылар алдында берешегі жоқ екенін алға тартты.  

– Мен ЖШС директорының орынбасарымын. Біздің қолымызда  ақша төлегенімізді дәлелдейтін құжаттар бар. Дәл қазір ол бригадада нақты не болғанын айта алмаймын, жалақыны бермеген құрылыс бригадирлері болуы мүмкін, – деді мердігер компанияның өкілі Ерболат.  

Жауапкершілікті бір-біріне сілтегендерден мезі болған құрылысшылар  прокуратураға арыз жазды. Енді бұл іспен құзырлы органдар айналысады. Ал 40 мыңдай халқы бар ауданның орталық ауруханасы алдағы күзде  пайдалануға берілуі тиіс. Қазір жұмыс тоқтап тұр. Жауаптылардың айтуынша, істің бітуіне еңбек дауы ғана емес, қаржының жоқтығы да қолбайлау.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы,  Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: құжаты жоқ малдың шығыны қалай өтеледі

Новости партнеров