Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер қолданысқа берілмей-ақ қирап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұран шағынауданындағы №37 және №38 үйлердің кілтін кезек күткен тұрғындар бір ай бұрын алған. Алайда олар мемлекеттік бағдарламамен берілген үйге әлі күнге дейін қоныстана алмай жүр. Өйткені банк арқылы табысталған баспананың іргетасы қирап, керегесі сөгіліп жатқан көрінеді.
– Баспананы кезекке тұрып, ипотекамен сатып алдық. Терезе-есігінің бәрі сынған. Екі бөлмелі пәтерді 12 млн теңгеге сатып алдық, ай сайын 67 мың теңге төлейміз, – деді қала тұрғыны.
Тұрғындардың сөзінше, үйдің бірінші қабатынан бастап тоғызыншы қабатына дейін қабырғалар қақырап тұр. Қала берді, түсқағазы жұлынып, оның артын зең басқан. Терезелердің де сауы жоқ. Ал жылу құбырын ұстасаң, құлап жатыр. Былықтың бәріне тұрғын 16 жыл бойы 85 мың теңгеден төлеп тұруға тура келеді.
– Қуаныштан қорқыныш көбейіп кетті. Мектеп жасындағы балалар бар. Әжетхана пайдаланбай жатып, сынып қалды. Жаңарту үшін тағы 3-4 млн теңге керек, – деді қала тұрғыны Пердегүл Арыстанова.
Ал мердігер компания өкілі тұрғынның үйдің құрылысы екі жыл бұрын аяқталғанын айтты. Оның сөзіне сенсек, баспананың ескіруіне ешкімнің тұрмауы себеп болған.
– Тұрғын үй құрылысы екі жыл бұрын біткен. Ешкім тұрмады, сондықтан жылу берілмеді. Қабырғалары сондықтан түсіп жатыр, кемшіліктің бәрін мердігер қайта жөндейді. Баспананы «Отбасы банкі» берген, – деді мердігер компанияның өкілі Ғани Жұмабаев.
Айта кетейік, былыққа толы баспана көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі баласы бар жанұяларға бөлінген. Жөндеу жұмыстарына кірісеміз деп сөз берген құрылыс басқармасы оның қанша уақытқа созылатынын әзірге білмейді.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Қызылордалықтар қырық жыл күткен көпір жуырда қолданысқа беріледі