Алматы электр стансасы жылыту маусымына дайын ба

Almaty.tv
Almaty.tv
Ал стансадағы күрделі жөндеу 1 қарашада аяқталмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы электр стансасы жылыту маусымына 70 пайыз дайын. Дегенмен қазірдің өзі аталған кешенде жөндеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жақұтов атындағы Алматының ЖЭО-2 – елдегі ең ірі станса саналады. Мұндағы үш энергия көзі, Батыс жылу кешені мен екі бірдей жылу электр стансасы мегаполистің күзгі-қысқы маусымдағы жайын қамтамасыз етіп келеді. Биыл да орталықтағы 8 қазандық пен 6 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтеді.  

– Биыл біздің кәсіпорындарға 10,1 млрд теңге бөлінді. Ол – жөндеу жүргізу үшін берілген қаражат. Ал екінші жылу-электр орталығының өзінде 6 млрд теңгеге жуық қаржы бар. Бүгінде жартысынан астамы игерілді. Тиісті жұмысты 1 қарашаға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді «Алматы электр стансалары» АҚ  басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алексей Скрябин.

Стансадағы жабдық шамамен 78 пайызға тозған. Бұл өз кезегінде жаңа қуатты енгізу қарқынының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ қолданыстағы өндіруші көздердің қауіпсіздік деңгейіне қауіп тумақ. Мамандар «осындай қатердің алдын алу үшін жұмыс істеліп жатыр» дейді. Әсіресе қыс кезінде халықтың жылусыз қалмауына баса назар аударылуы тиіс.

– Энергожүйесі білікті мамандармен қамтылған. Жөндеу жұмыстарына барлық керекті жабдық алынып, жөндеу жұмысы бекітілген. Кесте бойынша жүргізіліп жатыр, – деді А. Жақұтов атындағы ЖЭО-2 бас инженері Бауыржан Қалиев

Аталған стансада реттелетін қызметтерге арналған инвестициялық бағдарлама іске асады. Биыл жоспарға сай негізгі 70 жабдық пен 2 жылу магистралі жөнделуі тиіс.

– Биыл Алматы электр желілері бойынша тариф өзгермейді. Дегенмен 2024-2026 жылдары баға басқаша болады. Біз алдағы 5 жылдықта түрлі факторды ескеріп, кезең-кезеңімен тарифті көтеруді жоспарлап отырмыз, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Әсел Бөденеева.

Алматыда жылыту маусымы шамамен, қазанның ортасында басталады. Ал стансадағы күрделі жөндеу 1 қарашада аяқталмақ. Бұл тұста мамандар «алаңдауға негіз жоқ. Орталықтағы жұмыс қала халқының жылумен қамтылуына әсер етпейді» деп сендірді.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Абай даңғылын орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды

Новости партнеров