«Ақшасын төледік, баспана берілмеді». Осылай деп арнамызға шағымданған салымшылар 4-5 айдан бері тұрғын үй кілтін ала алмай келеміз дейді. Жүз шақты салымшы бүгін тұрғын үй құрылысына жауапты компанияға бірақ барды. Оларға жылы қабақ таныта қоймаған компанияның күзеті біздің тілшілерге де кедергі келтірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Баспана деп бас қатырып жүрген бұқара бірнеше мәрте бас кеңсеге келсе де құрылыс компаниясы мандытып жауап бермепті. Күзеті жолатпай, жұмысшылары да жауап қатпапты.
«7-20-25 бағдарламасы бойынша «Қазақ-Стройдан» құрылыс компаниясынан үй алғанбыз. Маусым айында үйдің құжаты беріледі деген. Содан бері міне қазан айы болды ешқандай ештеңе өзгерген жоқ», – деді салымшы Ержан Жақсыгелдин.
Салымшыларына салғырттық танытқан тұрғын үй құрылыс компаниясы, бізді де менсіне қоймады. Тіпті жауапты мамандарынан жауап алудың өзі...
Туысында түнелтіп жүрген тұрғындар пәтердің техникалық құжаты да толық дайын емес екендігін айтады. Сөздерінше тиісті құжатсыз несие де рәсімдей алмайсың, немесе баспана басыңа аударылмайды.
Мезгілін күтіп жүргенде мемлекеттік бағдарламаның мерзімі өтеді деген шағымданушылар енді пәтердің құны қымбаттап кете ме деп тағы қорқады. Алайда аталған құрылыс компаниясы бұған қатысты нақты пікір білдірмеді.
«Қазір үлгермей жатырмыз. Сұраныс көп түсіп жатыр. Бірінші үйдің құжаты 16 қазаннан бастап шығады», – деді құрылыс компаниясы сату бөлімінің маманы Нұржан Стамбеков.
Карантин кедергі болып құрылыс кешеуілдеді деген жауапты мамандар аздаған уақытта мәселе шешіледі деп сендірді. Алайда бүгін ертең пәтер иелері қоныс тойын тойлай алмауы мүмкін. Себебі салымшылардың саны көп, ал құрылыс әлі толық аяқталмаған.
Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы