Сондай-ақ биылғы жылдың екінші тоқсанында фронт кеңсе іске қосылмақ. Аудандық полиция басқармасы жанындағы офисте халыққа бір терезе қағидасы бойынша көмек көрсетіледі. 2 сағаттан астам уақытқа созылған Алатау ауданы әкімінің есеп беру отырысында бұдан басқа да түрлі мәселе айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл сайынғы кездесуді Алатау ауданының жаңа әкімі Азамат Қалдыбеков өткен жылды қорытындылаудан бастады. Дүйім ел алдында атқарылған тірлікті сала-салаға бөліп, әрқайсына жеке тоқталды. Жетістіктер мен алдағы жоспарымен бөлісті. Әсіресе, халық көп сұрайтын қоғамдық көліктің қолжетімділігі мәселесін айтты. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен 9 аялдама орнатылды. Төртеуі «Саялы-2» ықшамауданында, екеуі Тілендиев көшесіне қойылса, біреуі «Кенжехан» базарының алдында жасалыпты.
«Саялы-2» ықшамауданынан жүретін №33 автобус және «Ұлжан-2» ықшамауданынан жүретін автобус бағытының ашылуы жоспарлануда. №48 және 57 автобустар жылдың ортасына дейін толығымен жаңартылады. Тұрғындардың қоғамдық көліктің жетіспеушілігі бойынша жазған өтініштеріне сәйкес Алматы қаласы Қалалық мобильділік басқармасына ұсыныстар берілді», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.
Ал аудандағы ең өзекті проблемалардың бірі заңсыз жерлерді заңдастыру болатын. Өткен жылы тілдей құжаты жоқ 930 жер учаскесінің 724-і заңдастырылды. Биыл күшіне енген қаланың ерекше мәртебесі туралы заң аясында тура су белдеуінде тұрған нысандарды заңдастыруға мүмкіндік беретін ереже жасақталмақ. Егер күшіне енсе, тағы 145 жер учаскесінің құжаты реттеледі. Оған қоса, медицина қажеттілігі қашанда назардан тыс қалған емес.
«5 мемлекеттік және 2 жеке меншік емханада 221 мың адам тіркелген. Науқастарға жоғары медициналық көмек көрсету үшін 61 квота және дәрі-дәрімекпен қамтамасыз етуге 4 миллионнан астам теңге бөлінді. Халыққа медициналық қызметті жақын жерден алу үшін 4 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.
Артынша есепті тыңдаған халық әкімге сұрақтарын жаудырды. Қойылған сауалдардың басым бөлігі жиі-жиі қойылып жауыр болғанымен, әлі күнге дейін шешілмей келеді. Дүйім ел бірауыздан жол мен арық жүйелерінің жоқтығын, аудан тазалығын айтты.
Айта кетейік, Алатау ауданы әкімінің тұрғындармен екінші есептік кездесуі 29 қаңтар күні сағат түскі үште «Шаңырақ-2» ықшам ауданындағы №26 мектепте өтеді. Толық ақпаратты ауданның сайтынан табуға болады. Жалпы аудан әкімі 7 ақпанға дейін халықпен бас-аяғы 5 мәрте кездеседі.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы