Қажылыққа барып қамалды: мәселеге қатысты тергеу басталды

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото
ҚМДБ дауға қалған мекеме «қажыларға қиянат жасады» деген пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сауд Арабиясында қиындыққа тап болған қажылардың мәселесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы ІІМ өкілдері хабарлап отыр. Айта кетсек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға тоқталып, құзырлы органдарға тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде желдей ескен осы бейнежазбадан кейін ҚМДБ күні кеше ресми сайтта мәлімдеме жасады. Онда қазақстандықтарды шетелге жіберген компанияның қажыларға қызмет көрсетуге тиісті лицензиясының және биыл ресми қажылық орындарын алған туроператорлық тізімінде жоғы айтылады. Одан бөлек, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорларға жүгінуге шақырғаны, компания директорының үстінен сотқа шағым түсіретіні жазылған. ҚМДБ дауға қалған мекеме «қажыларға қиянат жасады» деген пікір білдірді.

– Біз келіп, жағдайымен таныстық. Жалған құжаттың, визаның кесірінен Арафаға кіре алмаған. Полицияның қолына түсіп, жауапқа тартылған. Арасында 80-нен асқан қариялар бар екен, кеше 50 шақырымдай жаяу жүріп, денсаулығына зиян келген, – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар.

Ал дауға қалған компания директоры «бізде барлығы заңды, тиісті құжат болды» дейді. Отандастарымыздың құрсауда қалуына басқа нәрсе себеп болғанын айтады.

– Сауд Арабиясының қызметкерлері де, біздің қызметкерлер де қызметте жүрді. Ол жерде басқа елден де заңсыз келген адамдар болған. Оларды ұстап, қаланың сыртына шығарып тастаған. Өкінішке қарай, қала сыртына шығарылған автобуста біздің қажыларымыз да болған, – деді Zamzam Qazaqstan компаниясының директоры Данияр Илиев.

Туристік компанияға «алдандық» деген қажылардың мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді. ІІМ-нің Алқа Мәжілісінде ол тәртіп сақшыларына компания басшылығын заңға сәйкес жауапқа тартуды тапсырды.

– Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді, мемлекетіміз, яғни СІМ оларға барынша көмектесуі қажет. Ал ІІМ алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қажылардың мәселесіне қатысты тергеу басталып та кетті. Бұл туралы ІІМ баспасөз өкілдері хабарлап отыр. Алайда өзге ақпар әзірге жария етілмейді. Айта кетсек, бұл - қажылыққа апарамын дегендермен болған алғашқы дау емес. Жыл басында тағы бір компанияға шағымданғандар болды. Сол кезде адамдар Меккеге бармақ түгілі, елден де шыға алмай қаражаттан қағылған еді.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров