Тамыз айында республика бойынша дизель отынынан дағдарыс басталған еді. Осыған орай, Энергетика министрі Мағзом Мырзағалиев түйткілді мәселенің мән-жайын білу үшін Атырауға арнайы іссапармен барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Анық болғандай, қаладағы мұнай өндеу зауытының дизель тапшылығына қатысы жоқ болып шықты. Ресми ақпарға сүйенсек, кәсіпорын жыл басынан бері, 935 мың тоннадан аса бензин және 1 млн 168 мың тонна дизель отынын өндірген. Министрдің пайымдауынша, елдегі дизельдің тапшылығына басты бір себеп: отын құнының көрші елдерге қарағанда төмендігі. Өткен жылдармен салыстырғанда, биылғы бір айдың өзінде 140 мың тонна шамасында сұйық мұнай өнімі сатылған. Ендігіде, мәселенің алдын алу үшін Ресейден қосымша дизель отынын сатып алуға келісім жасалғаны белгілі болды.
«Біз осы қазан айында 100 мың тонна импорт туралы келсімге қол жеткіздік. Әрине, баға өседі, өсті оны өзіміз көріп отырмыз. Дегенмен, баға реттелмейді. Бізде нарықтық баға бар. Егер қыркүйек айын қарайтын болсақ, 20 күнде импорттық отынның кірген көлемі небәрі 5 мың тонна болған», – деді ҚР Энергетика министрі Мағзом Мырзағалиев.