Алматыда кене шақты деп шағымданған 400-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінген

Бұл жәндік бірден адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кене шақты деп шағымданған 400-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінді. Абырой болғанда, олардың барлығы дін аман. Өйткені, дәрігерге дер кезінде келген. Бірақ, мамандар арқаны кеңге салу әлі ерте екенін айтады. Сондықтан әдеттегідей қала бойынша кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгін бірінші арнайы сұйықтық шашу саябақтардан басталды.

Кенеден келер кесел көп. Бұл жәндік бірден адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Егер кене энцефалиті жұқса, адамның мүгедек болып қалуы немесе өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан бүгін дезинсекторлар Алматыдағы саябақтарды жәндіктерден тазалауға шықты. Өйткені олар әсіресе қалың шөптің астына жасырынғыш келеді дейді мамандар.

Эпидемиологтар кенеге қарсы күрес ашық аспан астында ауа райының құрғақ және қолайлы кезінде жүргізілуі керек дейді. Осыдан болар өңдеу мамыр айында басталады. Биыл да арнайы дәрі шашу халық көп баратын бақ, сквер және жасыл алаңқайларда жасалады. Берілген аумаққа кесте бойынша кенеге қарсы мықты препарат сеуіп шығады.

«Біздің қазір қолданып жатқан препаратымыз кенеге қарсы шквал. 0,5 пайыз.  Өңдеу жұмысын бастап кеттік.  Бүгін Алатау ауданын бастап отырмыз. Алатау ауданының сквері дейді. Демалыс орындарына өңдеу жұмысын жатырмыз», – деді қала бойынша дезинфекция орталығының эпидемиологы Шерхан ҚЫДЫРБАЕВ.

Мамандар Алатау ауданындағы 3 гектар аумақты тазалады. Олар Сақ қорғандары сынды халық демалатын орындарға арнайы дәріні сеуіп шықты. Ал ертеңгі жұмыс Алмалы ауданында істелмек. Кейін Бостандық ауданындағы Тұңғыш Президент саябағы, ары қарай Алмаарасан шатқалына баруды көздеп отыр. Ескерте кетейік, кенеге қарсы залалсыздандыру қаланың 8 ауданын да қамтиды. Өңдеу 22 мамырға дейін жалғасады. Жалпы мамандар осы уақытта қаладағы 2 мың гектар аумақты қамтуды көздейді. Оның ішіне 113 саябақ пен сквер кіреді.

«Өңдеу жұмысы қан сорғыш жәндіктердің көзін жою үшін жасалып жатыр. Бастысы олардың зияны адамдарға тиіп кетпеуі керек. Қазір 1-кезеңі басталды. Енді кесте бойынша жұмыс істейміз», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті алатау аудандық бөлімінің бас маманы Шағала ОРАЗАЙ.

Қауіпті жәндіктен қорғанудың ең тиімді тәсілі екпе жасау дейді мамандар. Жалпы вакцинациялау күз-көктемде жоспарлы түрде жүргізіледі. Өткен жылы 2400-ден аса адамды кене шағып, вирусты кене энцефалитінің 5 жағдайы тіркелген.

Жадыра Омаржан, Диас Махамбетов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров