Қазақстан жанармай мен дизель отынын көлікпен экспорттауға қайта шектеу енгізді

Фото: avtovzglyad.ru
Фото: avtovzglyad.ru
Енді ел аумағынан мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін де шығаруға тағы 6 айға тыйым салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміз көлікпен жанармай, сондай-ақ дизель отынын экспорттауға қайта шектеу енгізді. Бұл шешім ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін қабылданып отыр. Алайда мұнай-газ сарапшысы бұл шешім жеткіліксіз дейді. Оның айтуынша, алдымен көлеңкелі экономиканың мәселесін шешіп алу керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Жанармай мен дизель отынын көлікпен экспорттауға қайта шектеу енгізілді. Енді ел аумағынан сондай-ақ мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін де шығаруға тағы 6 айға тыйым салынды.

«Тыйым салу жағы жанармайды әкетуге және автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауыт орнатқан бензин бактарында, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын жалпы көлемі 20 литрден аспайтын жеке ыдыстарға әкету жағдайлары қолданылмайды», – деді ҚР Энергетика министрлігі Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының бас сарапшысы Ақболат Жетпісбаев.

Әрине, бұл шешім ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін қабылданған. Алайда мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдинов көрші елдермен баға теңгерімсіздігі мәселесі шешілмейінше, дизель отыны тапшылығы жойылмайды дейді.

«Қырғызстанда дизель бағасы литріне 260 теңгеден жоғары, Ресейде – 280-300 теңге, Өзбекстанда 360 теңгеден жоғары, Қытайда 440 теңгеден асады. Бұл жағдайда жанар-жағармай экспортының жалғасуы тиімді бизнес болып отыр», – деді тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдинов.

Тәуелсіз сарапшының айтуынша, мұнай өнімдерінің кейбір түрін шетелге әкету заңсыз болғанымен, оны «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен заңсыз сататындар баршылық. Себебі кейбір пысықайлар осы арқылы қомақты қаражатты қалтасына басып отырғанын айтады.

«Өздеріңіз үлкен жүк көліктерінің жанармай құйып, оны шетелге тасымалдап жатқан видеоны көрген боларсыздар. Ресми түрде мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынады. Бірақ бейресми түрде көліктерді қайта өңдеп, оған 2-3 мың литр бензин құйып, шетелге тасымалдап, сол жақта сатады. Жанармай құйылған үлкен жүк көліктерінің бір рейсі – 100-150 мың теңге. Күніне бірнеше рейс жасауға болады. Ал айына шаққанда, бұл – қомақты ақша», – деді тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдинов.

Маманның айтуынша, еліміздегі арзан жанар-жағармайды өз пайдаларына асырғандар алдағы уақытта да оны заңсыз шетелге сатуын тоқтатпайды. Сондықтан көлеңкелі экономикамен күресу керек деп отыр.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың 9 мамырынан бастап Қазақстан шетелге жанармай, дизель отынын және бірқатар мұнай өнімдерін экспорттауға 6 айға шектеу енгізді. Ал қыркүйекте Энергетика министрі Мағзұм Мирзағалиев бұл шешімді тағы алты айға ұзарту мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады. Осыған дейін мұндай тыйым 2019 жылдың қарашасында да енгізілген болатын.

Новости партнеров