Олардың сөзінше, ай сайын жалақы кем түседі
Қонаевтағы қарттар үйінің қызметкерлеріне еңбекақысы кем түседі. «Тағдырдан тепкі көрген қарияларға қызмет етеміз» деген еден жуушылар да еңбегі еленбей келгеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Шарапат» әлеуметтік орталығының қызметкерлері жалақы мәселесіне шағымданды. Айлығын ай соңына әзер жеткізіп жүрген жұмысшылар басшылық тарапынан әділетсіздік болып жатқанын жасырмады. Олардың сөзінше, ай сайын жалақы кем түседі.
– Үлкен адамдардың іш кимін жуып, киіндіреміз. Айлық - 83 мың теңге. Есеп бойынша жалақы 225 сағатқа төленуі тиіс, – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Рая Нарынбаева.
– Бір айда көбірек түседі, келесі айда орташа түседі. Ай сайын ауысып отырады, – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Гүлзат Шайбаева.
Жұмысшылар басшылыққа базынасын айтса, «орныңды босат» дейтін көрінеді. Ал көнбістің күнін кешіп, күнелтуге шама жоқ.
– Штат бойынша 136 қызметкер бар, қазір олардың саны - 121. Ал жалақысын толық алмаған жұмысшы бар. Жалақы берілетін мерзім – айдың соңы, – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Есенхан Сұлтанов.
– Бағдарламадағы ақауға байланысты 10 шақты жұмысшыға айлық толық түспеген. Бірақ маған ешкім шағым айтпады, – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бас есепшісі Асан Бекмұратов.
Мекеме басшылығы мәселені техникалық ақауға жапты. «Бағдарламаны жөндейтін маман келсе, айлық та толық төленеді» деп уәде берді.
Әлібек Шынтемір, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Өртенген үйден ерлі-зайыпты қарияның денесі табылды