Өртенген үйден ерлі-зайыпты қарияның денесі табылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Полиция департаментінің дерегінше, күдікті қылмысқа біраз уақыт дайындалғанын айтып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қанды қылмыстың ізін жасыру үшін үйді жағып жіберді». Алматының Жетісу ауданында өртке оранған баспананың ішінен өлі табылған зейнеткерлердің көршілері осылай дейді. Полиция департаментінің дерегінше, ерлі-зайыпты қарт кісілердің бірі қызыл жалын шықпай тұрып, азапталып көз жұмған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының Жетісу ауданындағы жапсарлас салынған баспаналарда 10-нан аса адам күн көріп, 23 жылдай тұрған. Жаға ұстатарлық оқиға болған түні үйде 70 пен 71 жастағы қарт кісі және олардың қызы мен немересі ұйқыда жатқан.

Қатар-қатар салынған үйлерде 4 отбасы жан бағып отырған. Қазір тек күл мен қоқыс қалды. Жантүршігерлік оқиқаға себепкер жауыз жанұямен араздасып, алдымен ерлі-зайыптыларды өлтіріп, сосын үйді өртеген көрінеді. Ер кісінің денесі көршілес бөлмеде табылса, әйел адамның мүрдесін өрт сөндірушілер отты ауыздықтағаннан кейін анықтады.

– Жауыз түн ортасында келіп, көршілерімізді өлтіріп, үйді жағып жіберді. Бәріміз өліп кетуіміз мүмкін еді. Мен келгенде, өрт сұмдық болды. Қатыгез Надя әпкеміздің телефонынан қызына «бәріне өзім кінәлімін, сендер бақытты болыңдар» деп жазып жіберген, – деді куәгер Эмраджан Хасанов.

Қызыл жалын үйдің 200 шаршы метрін шарпып, шатырын опырды. Қылмысқа күдікті деп танылған кісі марқұм ерлі-зайыптылардың қызының жақын танысы болып шықты. Куәгерлер «ол жауыздығын жасап болған соң, оқиға орнына қайтып оралып, отбасын құтқармақ болғандай сыңай танытқан» дейді.

Жантүршігерлік қылмыстың куәгерлері пышақталған ер кісінің денесін бөлмеден тапқан. Оның жанында немересі ыңырсып жылап жатқан. Көршілер қабырғаны жарып, баланы құтқарып қалған.

– Мен шатырды жөндеп, шаршап ұйықтап жатқанмын. Кенеттен түтіннің иісі келді, айналам отқа оранып жатыр. Бірден түсіп не болғанын қарадым, мен жақтан кішкентай баланың ыңырсыған даусы естілді. Жарылған қабырғадан алып шықтым, көршімнің денесін көріп, есеңгіреп қалдым. Өртті өшіріп бітейін дегенде күдікті жігітті көзім шалып қалды, үйдің маңын жағалап жүр екен, – деді куәгер Евгений Круглов.

Жаға ұстатарлық істі тергеп-тексеру үшін арнайы топ құрылды. Күдікті қамауға алынып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

– Іздестіру шараларын жүргізу барысында бір тәуліктің ішінде сезіктінің аты-жөні анықталып, ұсталды. Жәбірленушілердің қызының танысы екен. Араларында кикілжің, жанжал болған. Жанжалдың бетін ашу үшін қайтадан үйге оралап, қылмысқа бел буды. Қазіргі таңда ол қамауға алынды, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек

46 жастағы сезікті кісі өлтіру бабы бойынша ұсталды. Полиция қызметкерлері күдікті қылмысқа біраз уақыт дайындалғанын айтып отыр. Өйткені ол сол түні жеке көлігін әдеттегідей үйдің маңына емес, басқа көшеге тастап, жаяу келген.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Таразда есірткі жасырылған 12 орын анықталды

Новости партнеров