Бүгін оның іргетасын қалау рәсіміне президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. ЭКСПО аумағындағы бой көтеретін Алла үйіне бір мезетте 30 мың адам сыяды. 3 мың шаршы метрі әйелдер құлшылық ететін орынға айналмақ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мешіт құрылысына мемлекеттен қаржы жұмсалмайды. Барлық шығынды қалталы азаматтар мен демеушілер көтермек. Орта Азиядағы ең үлкен ғибадатхананың құрылысы екі жылда аяқталады. Елбасы мешіттің салынуын жеке өзі қадағалайтынын және Наурыз мейрамының алдында әдейі ырымдап іргетасын қалағанын да тілге тиек етті.
«Мешіт – елорда үшін маңызды орын. Біз осындай нысандардың бәрін зерттеп, ішінен ең жақсы жобаны таңдап алдық. Мен оның жүзеге асырылу барысын өзім қадағалап отырамын. Баршаңызға табыс тілеймін», – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа мешіттің жалпы көлемі 57 мың шаршы метр. Мұнараларының биіктігі 130 метр. Күмбезінің диаметрі 63 метр. Діни кешенде ислам музейі, кітапхана, қолөнер шеберханасы және басқа да мекемелер орналасады.
Айта кетейік қазіргі кезде Астанадағы ең ірі мешіт болып Әзірет Сұлтан мешіті саналады. 2012 жылы ашылған Алла үйінде бір уақытта 15 мың адам құлшылық жасай алады.