Төтенше жағдайдан кейінгі Алматы: сарапшылар пікірі қандай

12.05.2020 02:16

Бүгіннен бастап тағы бірқатар кәсіпорындар іске қосылды

Almaty.tv

Төтенше жағдай тоқтағаннан кейін Алматы қаласы да кезең-кезеңімен қалыпты өмірге орала бастады. Бүгіннен бастап тағы бірқатар кәсіпорындар іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Карантин кезінде қаланың әлеуметтік санатқа кіретін отбасылар мен бизнесі тұралап қалған іскерлер де мемлекеттен қолдау тапты. Сондай-ақ, ел Президенті бүгінгі Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында  қозғаған тағы бір өзекті мәселе  –  елдің дағдарысқа қарсы төтеп беру жолдары. Бұл тұрғыда ол нақты 7 қадамды атап өтті.  

Елімізде төтенше жағдай орнағаннан кейін, талай бизнес иесінің кәсібіне тұсау салынып, әлемді жайлаған дерт оларға да кері әсерін тигізгені белгілі. Сол себепті мемлекет қолдау көрсетіп, ел бойынша 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлерге салық жүктемесі азайтылды. Нәтижеде бизнес қауымы 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Өз кезегінде осынау ауқымды шаралар көлеңкеде жүрген кәсіпкерлерді анықтауға да септігін тигізіпті. Сарапшылардың есебінше, салық төлеуден жалтарып жүргендердің үлесі бақандай 40 пайызды құрайды екен.

«Әр кәсіпорынның басшылары  жұмысты қайта бастауға берілген рұқсатқа үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бүгін пандемия бітті деп, бәрі өз бетінше кетсе, елде тағы карантин жарияланып кете ме деген ой келеді. Президент үлкен инвесторларға көңіл бөліп отыр. Талай мемлекеттің өзінде инвесторлар вирусқа байланысты инветицияның  бәрін тоқтатып отыр. Әрине, өз кәсіпкерлеріміз өзі тапқан қаражатын еліміздің экономикасына құйып отырса, шетел инвесторларына да сенім болады»,  – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.

Елде карантин басталғалы жұмысынан уақытша айырылған азаматтарға Қазақстандағы ең төменгі айлық көрсеткіш 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Республика бойынша оны 4 жарым миллионнан астам азамат иеленді. Ал, қала бойынша бүгінге дейін 897 мың өтінім келіп түсті. Оның ішінде 434 мыңға жуық адамның өтініші талаптарға сай келіп төлем берілді. Бұдан бөлек, қаладағы 52 мың адам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз біргеміз» қоры аясында 50 мың теңге көлемінде көмек алды.  

«Алматы қаласында әлеуметтік осал топтарға жататын 71 мың адам тіркелген. Осы тізім бойынша 5560 теңге көлемінде қаржы бірінші және екінші айға төленді. Әлеуметтік осал топтар дейміз, мүгедектер, жұмыссыздар т.б азаматтарға өтінішсіз төлеп жатырмыз», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Төтенше жағдай кезінде қаладағы әлеуметтік санатқа кіретін отбасылар да мемелекет қарауынан тыс қалмады. Бүгінге дейін 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратылды. Қаладағы Алатау ауданы да қайырымдылық істе белсенділік танытуда. Ауданда 400 мың тұрғын бар. Оның 35 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтағы азамттар тізіміне кіреді.  

«Жалпы Алатау ауданына келетін болсақ, 9600 астам осал отбасыға азық-түлік себеттерін жеке қорғану құралдары антисептик заттар сияқты  басқа да көмектер жеткіздік.  Жалпы 40 мыңға жуық адамды қамтыды. Бүгінгі күнге дейін «Халық» қайырымдылық қоры арқылы 900 отбасыға азық-түлік таратылды. Оның арқайсысы 50 келіні құрайды», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.

Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстың алдын алуға бағытталған 7 тұғырды атап өтті. Оның бірі – кооперацияны дамыту. Сарапшылардың айтуынша, кооперация-кедейлікке қарсы күресте таптырмас құрал.

«Қазақстанда экономикалық-әлеуметтік жағдайды сақтап қалсақ, халыққа жеңіл болады. Өйткені әр адам, әр отбасы, күнделікті тамағы арзан түссе, олар бір жылда 1 млн теңгеге жуық ақша қалталарында қалса қандай жақсы. Соған жол ашып беретін – кооперация», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қазбек ШАЙХ.

Президент кеңес соңында көпшілікті бір болуға шақырды. Халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат береді деп атап өтті. Бүгінде қауіпті індеттің алдын-алудың бірден-бір жолы қауіпсіздік шараларын барынша қатаң түрде сақтау болып тұр.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы