Күн-түн демей қызмет қылып жүрген әскерилер де әрқашан назарда болмақ. Бүгін қаланың сегіз ауданы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5571 әскери бөлімі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азық-түлік салынған қораптар әскери бөлімнің ардагерлеріне де үлестірілді. Ал, бұдан былай Ұлттық ұлан сарбаздарының әскери оркестрі онлайн концерт беруді де қолға алмақ.
Бұл әскерилердің әдеттегі тапсырма алу жиыны емес. Төтенше жағдай кезінде өлшеусіз еңбек сіңіргендер марапатталып, мұқтаждарға көмек көрсетілді. Яғни, әскери бөлімнің көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына, Ұлттық ұланның ардагерлеріне сегіз ауданының әкімдігі азық-түлік себетін таратып берді.
«15-тен астам осындай пакеттер берілді. Сол пакетті бүгін әскери бөлімнің қоғамдық ұйымдары ардагерлердің үйіне барып және әскери қызметшілердің үйіне барып табыс етеді. Қазақстан халқымен бірге коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқандардың алдыңғы шебінде осы біздің Ұлттық ұланның сарбаздары да жүр», – деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Ниязтай ӘЛКЕШЕВ.
Бүгінде Алматыдағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті жалпы саны 900-ден астам жеке құрам күзетуде. Барлығы күшейтілген режимге көшкен. Ал, сын сағатта көрсетілген көмек көптің көңіліне медеу болары сөзсіз дейді сарбаздар.
«Қандай тапсырма болсын, әрбір ұлттық ұлан сарбазы орындауға әзір. Қазір ең бірінші орында тапсырма орындап жүрміз. Біздің мемлекет біле тұра көмек көрсеткені біз үшін өте зор әрі маңызды», – деді 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары Дидар ТҰРАЛЫҚОВ.
Ал, Ұлттық ұлан сарбаздарының әскери оркестрі бұдан былай онлайн концерт беретін болады. Бүгін патриоттық әндер мен әскери әуендерді бір мезетте 5000-ға жуық адам тамашалаған.
Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы