«Бастысы – Отан алдымыздағы борышымызды атқару». Бұл Нұр-Сұлтан-Қарағанды бағытындағы бақылау бекетінде әскери қызметін атқарып жатқан сарбаз Нұржан Мақашевтың ұраны. Айтуынша, мереке күні блок-бекеттегі жұмыс, керісінше күшейтілген режимге өтеді. Ал төтенше жағдай кезінде қызметтерін абыройлы атқарып жатқан әскери қызметшілерді 68/665 әскери бөлімінің нәзік жандылары арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әскери қызметші Нұржан Мақашевты бүгінгі мерекемен жары мен кішкентай екі қызы осылай бейнеқоңырау арқылы құттықтады. Себебі сарбаз мейрам күні қызметте. Блок-бекетте ол бір жарым ай бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ары-бері өткен көліктерді жіті бақылауда.
«Кезекшіліктен шыққаннан кейін үйге барамын. Балаларым болғаннан кейін алдымен дүкенге кіріп, тәттілер алып, үйге бір-ақ кірем. Алдымнан жүгіріп шығады. Жуынып, дезинфекция жасап алғаннан кейін балаларымды ойнатамын», – деді «Алдаспан» арнайы мақсаттағы десанттық шабуылдау батольонының оқ ату мен қолдау ротасының командирі Нұржан МАҚАШЕВ.
68/665 әскери бөлімінің нәзік жандылары блок-бекетте тұрған сарбаздарды мейраммен құттықтады. Әскери қызметшілердің үйіндегі балалары салған суреттерін әкелеріне табыстап, көңілдерін бір марқайтып тастады.
«68665 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің балаларына арналған арнайы үйірме сабағы өткізіледі. Сол үйірме сабағында балалар өзінің әкелеріне арнап салған құттықтау, ашық-хаттарын бүгін алып келіп, сыйлап жатырмыз. Өте үлкен көңіл-күй сыйладық деп ойлаймын», – деді 68/665 әскери бөлімінің қызметкері Гаухар АҒАДАЕВА.
Мереке күні блок-бекеттегі сарбаздар, керісінше күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әрбір өткен-кеткен көлікті жіті тексеруде. Міндетіне адал отан қорғаушылар жақын болашақта жақындарымен қауышатынына сенеді
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтаннан