Ойын-сауық саябағы мамандарының айтуынша, әткеншектер жылына 2 рет техникалық тексерістен өтеді
Елімізде аттракциондардың қауіпсіздігі қадағаланбайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тек бірыңғай ұлттық стандарт бекітілген. Ал оқыс жағдай бола қалса, шағым айтып, арыз түсірер мекеме атымен жоқ.
Экстремалды көңіл күй үшін түрлі аттракционға ағылатындар аз емес. Алғашында қызық іздеп әткеншекке мінгендердің кейіннен денсаулығы сыр беріп жататын көрінеді. Көбіне мұндай әлсіздік 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерде байқалады екен.
«Құсқысы келіп, басы айналғандар шағым айтып келеді. Көбінесе қан қысымы барлар медбикелік көмекке жүгінеді. Бір әткеншектен түсе салып, екінші әткеншекке отырмау керек. Аздап демалып барып, ары қарай отырған дұрыс», – дейді медбике Гүлзира Тұяқова.
Қауіпсіздік дегендегі ең алғашқы жауапкершілік азаматтардың өзіне жүктеледі. Өйткені сырын білсе де сауыққа құмарлар көп. Өзге қалалардағы бірді-екілі оқыс жайтты есепке алмасақ, Алматыда аяқ сынып, көз шыққан жағдаят болған жоқ. Ал саябақ маманы кез келген қайғылы оқиғаның алдын алу үшін күн сайын кешенді жұмыс жүргізіледі дейді.
«Аттракциондар күнделікті тексеріледі. Қауіпсіздік жағынан 1000 пайыз кепілдік бере аламын. Біз келушілердің қауіпсіздігін ойлаймыз», – дейді ойын-сауық саябағының менеджері Жылқыбек Жорахан.
«Біз бұл аттракциондарға жоғары деңгейде көңіл бөлеміз. Әсіресе, экстремалды аттракциондар басты назарда. Негізі, талапқа сай техникалық тексеруді жылына 1 рет өткізсек те болар еді, бірақ біз екі рет тексеру жүргіземіз. Адамдардың қауіпсіздігі, өзіміздің жұмысымыз үшін бұл – ең басты нәрсе», – дейді ойын-сауық саябағының аға инженері Павел Рудаков.
Техниканың көбі кез келген саябақ жұмысын бастаған сәттен бері ауыстырылмаған. Қаладағы көп әткеншектің сиқы – осы. Дегенмен мамандардың тұрақты тексерісі құрылғылардың да ұзақ қызмет етуіне жағдай жасап отыр. Бірақ қауіптің алдын алудағы ең басты нәрсе – қарапайым ережелерге бағыну. Мұнда негізінен салмақ, бой көрсетілімдері есепке алынады.
2019 жылы бекітілген ұлттық стандартқа сәйкес, аттракциондардағы қауіпсіздікке, тіпті қайғылы жағдайға сол саябақтың басшысы мен мамандары жауапкершілік арқалайды. Дегенмен, мұндай орындардағы жұмыс барысын, қауіпсіздік жайын жіті бақылап, тексеру жүргізетін арнайы мекеме әзірге жоқ.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Пәтер дауы: Атырауда миллиондап қаржы салған салымшылар далада қалды