Алматыдағы хайуанаттар бағында жабайы аңдар күніне 200 келі ет жейді. Әрі рацион, мұнымен шектелмейді. Әр мақұлыққа өзінің тамағын береді. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов, әшейінде бөтен адам бас сұқпайтын жануарлар асханасында болып, ондағы жағдаймен танысып қайтты.
Хайуанаттар бағында таңертеңгі 08.00-ден бастап қызу жұмыс басталады. Себебі таңғы асын күтіп отырған жануарларға азықтарын уақытында беру керек. Әйтпесе олар әртүрлі дауыстар шығарып өздерінің наразылығын білдіреді.
Көріп тұрғандарыңыздай, бұл жердегі жабайы аңдарға мынадай каша дайындайды. Сонымен қоса көкөністер мен жеміс-жидектерді іріктеп жануарларға таратып береді.
«Ботқа жейтін жануарлар болса, олар міндетті түрде күнде сағат 09.00 бен 10.00 аралығында таңғы астарын жеп отырады. Ал қалған бөлімдерге өзінің графигі бойынша жөнелтіліп отырады. Біз күндегісін күнде беретін тағамдарымызды бір күн бұрын бөліп дайындап қоямыз», – деді қалалық хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі Әлфия Есенжолқызы.
Одан бөлек хайуанаттар бағында жануарлардың белсенділігін арттыру және жаңа дүниелерге қызықтыру үшін қоректі бірден бере салмайды. Азығын ойыншықтардың ішіне жасырып, түрлі қулықтарға жүгінеді.
Мамандардың айтуынша, зообақты тамашалауға келетіндер арасында, әсіресе, маймылдарға тамақ лақтырып, жарылқайтындар аз емес. Ал оның арты кейде қатерге алып келеді, дейді приматтар бөлімінің меңгерушісі.
«Келушілер бұларды аш отырған сияқты көреді де оларға тамақ бергісі келеді. Бұлар аш емес, оларға артық тамақ беруге болмайды. Бұлардың салмағы орта дәрежеден жоғары болмауы керек. Өздеріне тиісті салмақты ұстап отыруы керек», – деді қалалық хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі Шолпан Әбдібекова.
Бүгінде хайуанаттар бағында 3 мың 500-ге жуық мақұлық бар. Олар күніне 300 келі дәнді-дақылмен қоректеніп, 200 келі ет жейді.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы