Петропавл су торабындағы көпір апаттық жағдайда тұр. Әбден тозған өткел бөгетке қауіп төндіре бастаған. Гидроторапқа жауапты «Қазсушар» мекемесінің басшылығы «қала тұрғындары сусыз қалуы мүмкін» деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавл су торабының салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Мүлде жөндеу көрмеген өткел «апатты» деп танылған. «ҚазАвтоЖол» дерегіне сүйенсек, көпірден күніне 800-ден астам көлік өтеді. Соның салдарынан көпір әбден тозып біткен.
– Көпір жүк көліктері көп жүргендіктен тозып кеткен. Олар 40-50 тонна жүк артып алады, асфальт жарамайды – деді қала тұрғыны Данияр Қапезов.
Гидроторап кешенінің қызметкерлері үшін де қауіп бар көрінеді. Себебі көліктер күрт бұрылғанда жиі апат болады. Мұны тұрғындар да растап отыр. Дәл осы жерде соңғы жол-көлік оқиғасы өткен жұмада болған. «КамАЗ» көлігі көпірдің қоршауына соғылыпты.
– Бұл жерде апат көп болады. Қыста көктайғақта автокөліктер сырғанап жатады. Су торабының қоршауына жүк көлігі соғылғанын көрдім. Жүк көліктері бұл жермен жүрмеуі керек. Өйткені қауіпті, стратегиялық нысан ғой, – деді қала тұрғыны Мария Ирлица.
Гидроторапқа «Қазсушар» мемлекеттік мекемесі жауапты. Кәсіпорынның филиал басшылығы «түйткіл тездетіп шешілмесе, қала тұрғындары сусыз қалуы мүмкін» деп дабыл қағып отыр. Сондықтан бұл көпірмен ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою қажет. Бірақ құзырлы орган өкілдері мәселенің мән-жайын біле тұра, әрекет етпеген көрінеді.
– Былтыр көпірді, бөгетті тексердік. Бөгеттің жағдайы тұрақты. Ешқандай қауіп жоқ. Тек көпір апатты жағдайда деп танылды. Ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою керек, – деді «Қазсушар» РМК СҚФ директоры Шұғайып Ибатуллин.
Айта кетейік, облыс аумағында апаттық жағдайда деп танылған жалғыз көпір емес. Сергеев су қоймасындағы өткел де қауіпті деп танылған. Қос көпірдің жөндеу жұмыстары қашан қолға алынатыны әзірге белгісіз.
Нұргүл Алина, Қазбек Арықбаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Түрік әуе компаниясының ұшағы Оралға қонуға мәжбүр болды