«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 603 алматылық оқу курстарынан өткен

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 603 алматылық оқу курстарынан өткен
Жоспар бойынша биыл 1000 адамды оқыту керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарты жылда 603 алматылық оқу курстарынан өткен. Жоспар бойынша биыл 1000 адамды оқыту керек. Көпбалалы аналарға таптырмас мүмкіндік болып отырған бұл бағдарламаның қандай ерекшеліктері бар? Оған қатысу үшін не істеу керек? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.

Шолпан Дарханқызы –  көпбалалы ана. Балалары өскен соң жұмысқа орналасқысы келіп, жұмыспен қамту орталығына барған. Ондағы қызметкерлер «Еңбек» бағдарламасы арқылы арнайы оқыту курстарынан өтуді ұсыныпты. Бүгінде кондитерлік іс бойынша Түркияның 36 жылдық тәжірибесі бар аспаздан сабақ алып жүр. Екі апта ішінде көп нәрсе үйрендім, жоспарларым да айқындалды дейді ол.

«Көп нәрсе үйреніп жатырмын. Әсіресе, мынау күнделікті қолданатын нәрселер. Осы мүмкіндіктің болғаны бізді өте қуантады. Осындай мүмкіншіліктерді біз пайдалануымыз керек. Жоспарымыз бар», – деді көпбалалы ана Шолпан Дарханқызы.

Бүгінде мұнда 20 келіншек оқып жатыр. Курстың ұзақтығы үш ай. Осы уақытта өндірістік тәжірибеден өтіп, өздерін жақсы қырынан көрсетуге де мүмкіндік алған. Сондай-ақ, балалары бар аналар үшін арнайы жағдай жасалған. Орталықта оларға ағылшін тілі, математика, шахмат сыныптары ұйымдастырылады.

«Бізде оқыту курстарынан өткендердің барлығы жұмысқа орналасады деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені оларды мықты түрік аспазы оқытып жатыр. Қазірдің өзінде белді мейрамханалардың аспазшылары оларға қызығушылық танытып, жұмысқа алуға дайын отыр», – деді оқу орталығының басшысы Бибінұр Шералиева.

«Еңбек» бағдарламасына қатысқысы келетіндер жұмыспен қамту орталығына барып, «жұмыссыз» статусын иеленіп, ниетін білдірсе жеткілікті. Бүгінде 41 мамандық бойынша оқыту курстары бар, ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейін. Қатысушыларға 20 мың 949 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Курс аяқталған соң кәсіби біліктілікті арттыру туралы сертификат беріледі.

«Сертификат алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасады немесе өзінің бизнес жоспарын қорғап, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Біз әр адамды жеке бақылап отырамыз. Сондай-ақ, оқыту орталықтарының жұмысының дұрыс ұйымдастырылуын да бақылап отырамыз», – деді Жұмыспен қамту орталығы уақытша жұмыс орындары бөлімінің басшысы Гауһар Әуелова.

Қазіргі таңда Алматыда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 603 адам арнайы оқу курстарынан өткен. Биыл 1000 адамды оқытпақ ниетте. 34 оқу орталығымен келісім-шарт жасалған.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров