|
08.06.2020 | 21:29
16917

Жамбыл облысының тұрғындары мұқтаж жандарға асарлатып үй салып беруде

Бүгінде бір ауылдан басталған қайырымдылық акциясы аудан бойынша қолдау тапқан

Жамбыл облысының тұрғындары мұқтаж жандарға асарлатып үй салып беруде Almaty.tv

Жамбыл облысының тұрғындары мұқтаж жандарға тегін үй салып беруді бастады.  Ата жолы – жылу жинау мен  «асар» дәстүріне ұластырғандар – Байзақ ауданының жұртшылығы. Олар – аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға қол ұшын беріп жатыр. Бүгінде бір ауылдан басталған қайырымдылық акциясы аудан бойынша қолдау тапқан.

Бұл – он жылдан астам уақыт бойы үй жалдап, туған-туысын жағалап келген Ғалия Құрманованың қазіргі баспанасы. 4 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана қазір осы киіз үйде күнелтуде. Мектепте еден жуып нәпақа тапқан ана, расында, баспанаға мұқтаж. Ананың ахуалын білген Мәдімар ауылының тұрғындары мен жастары төрт бөлмелі мына үйді асарлатып салып беріп жатыр.

«Біз еңбегімізді әшейін көмек ретінде береміз. Ешқандай ақы алмаймыз. Қолымыз босаса, көмектесіп кетеміз.  Оның да отбасы жас болып тұр. Жұмысқа жарамай жатыр. Халық болып қол ұшын созып жатырмыз», – деді Мәдімар ауылының тұрғыны Пернебек ТЫНЫШТЫҚБАЕВ.

Қайырымдылық бастаманы аудан әкімдігі қолдап, өз тарапынан 15 соттық жер телімін де тегін қарастырыпты. Қажет болған жағдайда техникамен қамтуға да дайын. Ауылдағы ағайынның ендігі жоспары, күзге дейін баспананы бастан аяқ бітіріп, кілтін табыстау.

«Басында үш бөлмелі «времянка» дегенбіз. Кейін ағайындарың көмектесіп жатыр, біл бөлме қос деген соң, сыртқы бөлмені қостық. Ауылдың тұрғындарына рақметімді айтамын. Асарға келіп жатқан ағаларым бар, балаларым бар, інілерім бар. Рақмет бәріне. Менен қайтпаса да, Алладан қайтсын!» – деді Мәдімар ауылының тұрғыны Ғалия ҚҰРМАНОВА.

Құрылыс материалдары қажет болған жағдайда оның да оң шешімі табылған екен. Ауданда толықтай жаңғыртылып жатқан 9 мектептің жарамды құрылыс заттары осында беріледі.

«Әлеуметтік әріптестікке сәйкес осы 18 ауылдық округте 18 қайырымды іс болсын, баспанаға мұқтаж отбасына осындай бір-бір үйден болсын. Қазіргі кезде ауылдық округ әкімдері осы бағытта халықпен тікелей ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде», – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат ИСМАЙЫЛ.

Игілікті іс қазір Ынтымақ, Қызыл жұлдыз және Үлгілі ауылдарында жүріп жатыр. Мұндағы ауыл жастарының да белсенділігі тым жоғары. Жетпегенді жеткізіп, қаржы жинап, тіпті өздері келіп қол ұшын беріп жатыр. Айта кетерлігі, аталған қайырымдылық іс аудандағы 18 ауылда жалғаспақ.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы,  Жамбыл облысынан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир