Солтүстік Қазақстан облысында Уәлиханов ауданының тұрғындары жолдардың сапасына шағым айтты. 30 шақырымға созылған облыстық маңызы бар Кішкенекөл-Ақбұлаққа осы күнге дейін жөндеу жасалмақ түгілі, тас та төселмепті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл - Уәлиханов ауданына қарасты Ақбұлақ ауылының тұрғындары. Аудан орталығы Кішкенекөлге апаратын жолмен жүру мүмкін емес. Қыс түссе, ауруханаға жетудің өзі мұңға айналған. Халық бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді, алайда нәтиже жоқ.
«Ең жаман жеріміз – жол. Жолдан қорлықты көріп жүрміз. Кұзде батпақ, жүре алмайсыз. Екі машина өте алмайды», – деді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Зейнолла Жүкенов.
Ауыл тұрғындары айтуынша, жаңбыр жауса көше ми батпаққа айналып, жүргізушілер діттеген жеріне жете алмай қалады. Көліктері де жиі сынады екен.
«Халық жұмыс істейді. Біреудің жалақысы 50 мың алады, енді біреу 100 мың алады. Көлігі барлар ақшасын машина жөндеуге жұмысайды», – деді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Мақсат Ескендіров.
Ал жергілікті билік жолдың жырын жақсы білеміз деп отыр. Ол 30 шақырымға созылатын Кішкенекөл-Ақбұлаққа қиыршық тас төсеу жұмыстары басталатынын жеткізді.
«СевКазТас» ЖШС бар. Бізге 2 камаз бөлінді. Жолға төсеуге қиыршық тас беріліп жатыр. Жұмыс басталды», – деді Ақбұлақ ауылының әкімі Қуаныш Темірханов.
Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылында барлығы 812 адам тұрады. Ал Кішкенкөл-Ақбұлақ жолы соңғы рет 2016 жылы жөнделген. Ол Петропавл қаласынан 511 шақырым жерде орналасқан.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан