Жылудан да, судан да күдер үземіз: Алматы облысының тұрғындары жарықсыз отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Елтай ауылдық округіне Көктоған мен Көкөзекті қосқанда тоғыз ауыл қарайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Көктоған мен Көкөзек ауылында электр мәселесі елдің есін алып, зығырданын қайнатқан. Екі күннің бірінде жарықсыз, жылусыз отыратын жұрт шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жарық сөнсе, жылудан да, судан да күдер үземіз» деген дүйім ел, тұтас тіршілік осы тоққа тіреліп тұрғанын айтады. Құдыққа қол жалғап, тұрмыстық техниканы да тірілтіп тұрған электр жүйесі өшіп қалса, күн қараң.

«Су керек болғанда құрып қалады. Бізде бәрі тоқпен, суда құдықтан тоқпен шығады», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Шайқы Оқапов.

Жарықтың жиі өшуінен амалдаған ауыл адамдары электр сымдарын өздері оқшаулап үйренген. Бірі сымдарға тас байлап қойса, енді бірі өздері қосып алатын болған. Өйткені қауіпсіздік мәселесін бақылап жатқан билік жоқ.

Автобус мәселесін де жылдар бойы көтеріліп келе жатыр. Жөндеусіз қалған жолдармен, жарықсыз жүретін мектеп баласы да талай қиындыққа тап болатынын айтады.

«Балалар Көкөзек ауылына барып оқиды.  Жұрт саны көбейді. Жаңадан көшіп келгендер көп. Менің ойымша мектеп керек», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Ғалия Байботанова.

Көктоғандықтар көтерген мәселеден хабардармын деген ауыл әкімі бәрінің бюджетке келіп тірелетінін айтады. Сондықтан бәрі кезең-кезеңімен шешіледі екен.

«Көшедегі жарық мәселесіне келсек, осы жылы біз Қаратөбе, Елтай ауылында көшелер жасадық, жарық бар.  Көкөзек ауылындағы мектепке жер сатып алынды», – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.

«Қазіргі таңда бізде өзекті проблемалар болып тұр. Оған жобалық сметалық құжаттарды дайындағанбыз. Ол екі этаптан тұрады. Бірінші кезеңде осы ауылды аймаққа Көкөзек деген қосалқы станция салып жатырмыз.  Темірбетон бағаналарға ауыстыру, ескі сымдарды жаңалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді «Алатау жарық» АҚ Қарасай ауданы электр тораптарының өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Азамат Тезекбаев.

Елтай ауылдық округіне Көктоған мен Көкөзекті қосқанда тоғыз ауыл қарайды. 19 мың халқы бар елдімекендегі аталған мәселе жуырда шешіледі деп сендірді басшылар.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарарнасы

Новости партнеров