Алматылық Сергей Киппа 20 жылдан кейін өзі тұрып келген үйінен айырылып қалды. Себебі үйінің қарындасына сыйға тартылғанын ол енді ғана білген. Ал, астыртын жасалған келісімге кімнің қатысы бар? Ағайындар арасындағы жанжал туралы Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке айтып берсін.
2001 жылы сыйға тарту келісімі жасалған кезде Сергей 5 бірдей операцияны бастан кешіріп, ауруханада жатқан екен. Дәнекерлейтін шам атылып, ер адам термиялық күйік алған. Дәрігерлер науқастың өмірін арашалап қалу үшін аянбай 4 ай бойы арпалысты дейді.
«Мен халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттарымды тапсырып, ресми сауал жолдадым. Сөйтсем, арада сыйға тарту келісімі жасалған деген қағаз шықты. Әрине, аң-таң болдым. Бұл келісім-шарттың қайдан шыққанын түсінбедім. Әрине, қаламды не өшіргішті сыйға тартып, ұмытып кетуге болады. Ал үйді сыйға тартуды ұмытпақ жоқ. Тіпті, баратын жерім болса, бәрін тастап, кері айналып кете берер едім. Дәл қазір барар жерім жоқ», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Сергей Киппа.
Анамыз тірі кезінде қарындасым екеуіміздің арамызда мұндай сый-сияпаттар жөнінде әңгіме де қозғалмайтын, дейді Сергей. Былтырдан бері баспанаға қатысты бұл мәселе өзекті бола бастаған. Ағасы мен қарындасының пәтерді бөлісе алмай дал болып жатқанын жергілікті полицейлер де растап отыр.
«Ағасы мен қарындасының пәтерді бөлісе алмай жатқаны, сол үшін жанжал болып жатыр туыстар арасында. Біздің полиция қызметкерлері нақты бағыттама беріп, ол кісілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сотқа азаматтық түрде барып, хабарлама беріп, арыз жазып, сотқа беруге болатынын жеткізген болатын», – деді Жетісу аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Жанғазы Сейітқазин.
Тәртіп сақшыларының бұл сөзін отбасының көршілері де растады. Екатерина Батракова Сергей мен оның қарындастарын кішкентай кезінен біледі. 40 жылдан астам уақыт олармен көршілес тұрып келеді.
«Олардың арасында ұрыс-керістер жиі болып тұрады. Ішімдік ішкен кездері, тіпті, мазамыз кетеді. Әйнек шағылады, шыдатпайтын айқай-шу тұрады үнемі. Көлігі анау сыртта тұрады. Үйіне тіке кіріп, тіке шығады. Емін-еркін сөйлесіп, әңгімелесетін кездерін көрмедік», – деді Сергейдің көршісі Екатерина Батракова.
Арна тілшілері Сергей Киппаның қарындасымен тілдесуді жөн көріп, үйіне де барды. Үйдің иесі түсірілім тобымен сөйлеспек түгіл, полиция шақырам деп қорқытты.
Оқиған болған жерден:
- Я вообще не понимаю по какому праву вы здесь находитесь.
- Так вы нас и выслушать не хотите, чтобы мы вам объяснили это.
- Я вообще не знаю вас и разговаривать я ни с кем не собираюсь.
- Я могу представиться и показать служебное удостоверение.
- Мне это ни о чём не говорит.
Сергейдің айтуынша «сыйлық» туралы келісім заңсыз. Ал, келісім-шартты рәсімдеген нотариус 2003 жылы мемлекеттік лицензиясынан айырылған. Тіпті, бұдан бөлек астыртын жасаған қылмыстары әшкереленіп, 7 жылға сотталып кеткен.
Сая Меңдеке, Роман Нощенко, Рашид Шүкірәлиев, Нұрқанат Атажан, «Алматы» арнасы