«Біз біргеміз»: Әуезов ауданында күн сайын 10 мың бетперде таратылады

19.04.2020 02:33

Жуырда ғана «Біз біргеміз» қорынан бөлінген 5 миллион бетперденің 2 миллионы Алматы қаласына жеткізілді

Almaty.tv

Әуезов ауданы бойынша 300 мың бетпердені тарату жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жуырда ғана «Біз біргеміз» қорынан бөлінген 5 миллион бетперденің 2 миллионы Алматы қаласына жеткізілді. Игі іске мұрындық болған «Нұр Отан» партиясының белсенділері қорғаныш құралын тарату ісіне білек сыбана кірісіп кетті.  

«Біздің аудан бойынша күн сайын 10 мың маска беріледі. Жедел таратуға тырысып жатырмыз», – деді «Нұр Отан» партиясы әуезов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйла ОРДАБАЕВА.

Көмек алушылар ауданның көп балалы және аз қамтылған отбасылары мен 1,2,3 топтағы мүгедек жандар. Оларға қажетті заттарды жеткізіп беруге еріктілер де атсалысып жатыр. Олардың барлығы медициналық тексерістен өтіп, қорғаныш киімдермен толық қамтамасыз етілген.

«Ел басына түскен қиын қыстау заманда қорға жиналған көмекті халыққа тарату мен үшін үлкен  абырой. Халықтың бір жағынан алғысын аламыз. Халық ризашылығын білдіріп жатыр. Мен үшін бұл қуанышты сәт. Өйткені біз еліміздің патриоттарымыз. Нағыз еріктілерміз. Еліміз үшін көмектесуге әрқашан біз дайынбыз», – деді ерікті Қанатбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Сондай-ақ, қала бойынша «Біз біргеміз» акциясы аясында мұқтаж жандардың ішіп-жемі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ең қажетті деген азық-түлік түрлері үйлеріне дейін жеткізіліп отыр. Көмекке ие болған тұрғындар қайырымды жандарға алғыстарын жаудырып, ел-жұрттың амандығын тіледі.  

«Елбасыға көп раөмет. Өйткені біз сияқты мүгедектерге көп көмек беріп жатыр. Өте ризамыз. Бәріміз аман болайық. Ел-жұртыма амандық тілеймін»– деді Алматы қаласының тұрғыны Қантай ТАСПАЕВА.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қайырымдылық акциясы әр ауданда жалғаса бермек. Қала бойынша қайырымдылық жасауға ат салысқысы келетіндер еріктілер қатарынан табылып жатыр. Ал, қаржылай көмек білдіргісі келетін жандар  «Нұр Отан» партиясының арнайы ашқан есеп шотына ақша аударуларына болады.

Қуан Нұрақын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы