Медеу ауданы тұрғынын алаңдатқан мәселе шешілді ме

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл ауданда 26 көшеде 23 шақырымнан астам арық желісі салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Толассыз жауын жауса, көшелер түгіл, үйімізді су басады, арық желісін салу қажет». Алматыдағы Медеу ауданы тұрғындарын алаңдатқан мәселе көп ұзамай шешімін тапты. Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуі кезінде жұрт түйіні тарқамай келе жатқан бірқатар түйткілді айтып, көмектесуін сұраған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Медеу ауданы Мұстафа Шоқай көшесіндегі 190-үй. Жаңбыр жауса, жаны қиналатын осы баспананың тұрғыны – жалғызбасты 1-топтың мүгедек. Үйі түгілі, жертөлесін де су басқан жағдай бірнеше мәрте қайталанған. Қарияның қамқоршысы қала әкімімен кездесуде осы бір мәселені жеткізген еді. Шаһар басшысының тапсырмасымен түйткіл оң шешімін тапты.

– Бұл кісі ауруханада жатыр, өзі мүгедек. Мен көршісімін. Жауынды күндері үйді су басып қалады, себебі арық желісі салынбаған, – деген болатын қала тұрғыны Тұрысхан Матқұлов.

Тұрғындардың уәжін естіген әкімдік өкілдері қалалық экология және қоршаған орта басқармасымен бірлесе арық желісін салып, наурызда іске қосқан. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың тарапынан арыққа қатысты арыз-шағым жоқ.

– Бүгінгі таңда жұмыс толық аяқталды. Жауын-шашын кезінде аталған мекенжайда ешқандай су басу қаупі болмады. Арық жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр, – деді Медеу ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Есбол Күребай.

Айта кетейік, биыл аудандағы 26 көшеде 23 шақырымнан астам арық желісін салу, қайта жаңарту жұмысы жасалуы керек. Жоба 2023 жылдың аяғына дейін аяқталмақ. Бұл аудандағы қызыл судың ағып кетуін едәуір жақсартуға және су басқан жерлерді жоюға мүмкіндік береді.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде сүт өндірісі азайды



Новости партнеров