Талдықорғанда «Береке» коттеджді қалашығының төңірегіндегі шу басылар емес. Сапасыз салынған үйге жауаптылар бұған дейін сотталып кеткен. Ал тұрғындар әлі құзырлы орындардың есігін тоздырып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Самал жел соқса да шатырымыз қозғалады. Қатты жел соқса, үрейіміз қашып, құдайдан тілеп отырамыз», - дейді қала тұрғыны Мафруза Жақыпова.
Мұндағы тұрғындардың өтініші, олар жыл сайын құбылып тұратын жалға беру құнын нақтылап, баспананы коммуналдық санатқа өткізуді талап етеді. Айта кету керек, мұндағы қирандыға айналғалы тұрған баспананың бәрі осыдан 5 жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған екен. О баста кезекте тұрған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және жетім балаларға жалға берілген. Бүгінде олардың көбі баспаналарын тастап көшіп кетіпті. Өйткені, миллиондаған бюджет қаржысына салынған үйлер тұруға жарамсыз көрінеді.
«Әкімшілік осы үйлерді 12 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін бағалап отыр. Бұл - өте қымбат. Сол үшін тәуелсіз үйлердің сапасын шығаратын адамдарды шақырып жатырмыз. Сапасына сай емес, санына қарай салған, осы үйдің құнын түсіруіміз керек, бұл - біздің талабымыз», - деді қала тұрғыны Жанна Айнағұлова.
«Береке» қалашығындағы үйлерді бірнеше компания салған. Былтыр бас мердігердің шенеуніктермен бірлесе бюджет ақшасын жегені анықталып, екі тарап та сотталып еді. Құрылыс компаниясы салынып бітпеген баспаналарды аяқтауға міндеттелгенмен, сапасыз салынған үйлер мәселесі сол күйі жылы жабылып қалды.
«Салып кеткен жаңа мердігер компаниялардың кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Ең басты жоспар - сол бітпей тұрған үйлерді бітірсек дейміз. Өз бөлімімде жасап беретін қаражат жоқ. Бірақ ол мәселелерді қарастырып көруге тырысамыз», - деді құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Бабаханов.
Бұл аумақта 600-ге жуық тұрғын үй салу жоспарланған. Қазір оның 373 ғана қолданысқа беріліпті, бірақ бір қызығы сол 373 баспананың шамамен екі жүзінде құрылыс аяқталмаған. Шенеуніктер бар жұмыс жақында қайта жанданады деп отыр.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» арнасы, Жетісу облысы