33 жастағы тұрғын 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанды
Түркістан облысында 33 жастағы келіншек үшем босанып, он баланың анасы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны Гүлназ Мыңжасар. 33 жастағы келіншек жетінші рет құрсақ көтеріп, үшем босанды. Көптен күткен қос ұл мен қыздың есімін өзім қойдым дейді. Түсінде Гүлназдың әкесі аян беріп Қасым, Жомарт, Кемел деген жазумен қамшы ұстатқан екен.
– Түсімде әкем аян берді. Қолыма ұстатқан қамшыда Қасым, Жомарт, Кемел деген жазу болды. Босанғанша үшем екенін ешкімге айтадым, – деді көпбалалы ана Гүлназ Мыңжасар.
Гүлназды үйінде жеті қызы күтіп отыр. Оның үлкені 14 жаста. Алтыншы және жетіншісі егіз. Қуанышы тасып, қызығы көбейген құтты шаңырақты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы құттықтады. Үшемге балалар арбасын сыйға тартқан мамандар «сәбилердің денсаулығы бірқалыпты» дейді.
– Үшінші үшем орталықта туылған. Келес ауданы Абай ауылынан бізге жеткізілді. Қан қысымы жоғары болды. Ота жасадық. Үшеуінің де салмағы 2 келіге жетпейді. Орталықта 22 күн жатты, – деді №1 облыстық перинаталды орталық бас дәрігерінің міндетін атқарушы Салтанат Жабагиева.
Айта кетейік, он балалы орданың отағасы құрылыс саласында жұмыс істейді. Отанасы балаларды тәрбиелеп, үйде отыр. Қыздың қызығын, ұлдың бұзығын көріп, шат-шадыман күй кешіп отырған жанұя жалдамалы пәтерде тұрады.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Қызылордадағы мұнай өндірісінің озаттары марапатталды