ТЖ: Алматыда жұмыссыз қалғандар 42500 теңге әлеуметтік төлемді ала бастады

Фото из открытых источников
Фото из открытых источников
Бүгінде Алматы қаласы бойынша жәрдемақыға қатысты арнайы колл-орталық жұмыс істеп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалғандар 42500 теңге әлеуметтік төлемді ала бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

35 жастағы Дильназ Баситова Алматы қаласының тұрғыны. 3 баланың анасы шаһарда карантин жариялағаннан бері уақытша жұмыссыз. Осы уақытқа дейін қаладағы қонақ үйлердің бірінде қызмет етіп келген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең төменгі жалақы көлемінде жәрдемақы төленеді деген хабарын естігенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды дейді. Себебі осындай қиын-қыстау кезеңде әрбір адамның жағдайы ескеріліп, қолдау көрсетіп жатқаны қуантты деп ағынан жарылды.    

«42 500 теңге ең төменгі жалақы мемлекет тарапынан беріліп жатыр. Соған өтініш жібергенмін. Сол өтініш 3 күн қарастырылып, ақшасын алдым, карточкама түсті. Сол ақшаға керек азық-түлік алып жатырмыз. Мемлекетке рақмет, қалалық әкімдікке рақмет, халықтың жағдайын ойлағанына көп-көп рақмет», – деді қала тұрғыны Дильназ БАСИТОВА.

Аталған жәрдемақымен қамтылатындардың көбі шағын және орта бизнесте еңбек ететін жұмысшылар, сондай-ақ, жеке тәжірибемен айналысатындар. Атап айтқанда, нотариус, адвокат пен медиатор сынды өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Ал, егер олар кейбір талаптарды орындамаған жағдайда ағымдағы шоттары бұғалтталған болса ше?        

«Мысалы, өткен жылдарға есеп беруді ұмытып кетсе, салық мамандары аталған жеке кәсіпкердің ағымдағы есепшотын бұғаттауға құқылы. Осы тұста шұғыл шараларды қолға алдық. Атап айтқан, біздің департтаментегі мамандар әр тұлғаның мәселесін жеке-жеке қарастырып, шешуге тырысамыз», – деді қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Орынкүл ҚАЗИЕВА.

Бүгінде Алматы қаласы бойынша жәрдемақыға қатысты арнайы колл-орталық жұмыс істеп жатыр. Онда 13 адам екі ауысыммен тұрғындар сауалына жауап беріп, жәрдемақы мен азық-түлік себетін қалай алуға болатындығын түсінідіреді және мұқтаж отбасылар туралы мағлұматты жинайды. Қазіргі уақытта онда ең төменгі жалақы көлемінде берілетін жәрдемақы алу туралы 14 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Оның 6 мыңға жуығына төленді. Сондай-ақ, қаладағы мұқтаж отбасыларына азық-түлік себеті де таратылып жатыр.

«Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам отбасына таратылды. Олардың ішіне кіретіні: жалғыз тұратын зейнеткерлер, аз қамтылған көп балалы отбасылар. Қазіргі таңда біз көмек ретінде демеушілермен және басқа азаматтардың қолдауымен осы жұмысты жасап жатырмыз», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Ал, колл-орталыққа күніне шамамен 1500 қоңырау келіп түседі екен. Десе де оның үштен бір бөлігі басқа өңірдің тұрғындары. Олар да ақпараттандырылып,  жергілікті жауапты мекеменің нөмірлері беріліп жатыр. Сондықтан егер бір реттен хабарласа алмасаңыз, шыдамдылық танытуға шақырамыз дейді басқарма мамандары.  

Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров